Алматыдағы қисайған көпқабатты үй тұрғындарының несиесі қайта қарала ма

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Зерделi» шағын ауданындағы қисайған үйдің тұрғындары несиені қайта қарау туралы өтінішпен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» (ТҚЖБ) жүгінген жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл үйге біздің салымшылар қоныстанды. Бұл «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясындағы «Жастарға арналған баспана» деп аталатын бағдарлама болатын. Бүгінгі таңда онда 72 тұрғын бар, оның 19 тұрғыны тұрғын үй несиесін төлеуге ауысқан. Олардың сатып алу мүмкіндігі бар. Қалған 47 тұрғынның банкте есепшоттары бар және олар қаржы жинақтауды жалғастыруда. Бүгінгі күні үй тұрғындары уақытша басқа орынға қоныс аударды. Оларға жалға алған пәтерлерінің ақшасы төленеді. Әзірге олар бізден қайта қарастыруды сұраған жоқ», - деді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова баспасөз мәслихатында.

Ол банк өзінің клиенттерімен кездесуге және қайта қараудың ықтимал нұсқаларын қарастыруға дайын екенін атап өтті.

«Біз 15 қаңтарда шығатын сараптама қорытындысын күтіп отырмыз. Олар баспана несиесін кешіктірмей төлеп отыр. Себебі, олардың уақытша жалдаған пәтерлерінің ақшасын қалалық әкімдік өз мойнына алды», - деді Ләззат Ибрагимова.

Еске салайық, 11 желтоқсанда Алатау ауданындағы «Зерделі» шағын ауданының тұрғындары үйлерінің қисайғанын айтып, дабыл қаққан болатын.

Кейін Бақытжан Сағынтаев қисайған үйдің тұрғындарымен кездесіп, әкімдік оларды көшіруге дайын екендігін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар