Алматыдағы халықаралық форумға әлемнің 40-тан астам елінен инвесторлар келді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) ұйымастыруымен Азия-Тынық мұхит аумағы даму институттары қауымдастығының (ADFIAP) 46-шы жылдық жиналысы шеңберінде 40-тан астам ел инвесторларының қатысуымен ауқымды халықаралық форум өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Форумға 240 ірі банк өкілдері, инвестициялық қорлар мен даму институттары, атап айтқанда Қытай, Түркия, Жапон, Үндістан, Филиппин, Жаңа Зеландия, Еуропа елдері, АҚШ, Латын Америка, Таяу Шығыс және Еуропа Одағының мемлекеттерінен өкілдер қатысып жатыр.

Премьер-Министрдің орынбасары - Қаржы министрі және Қазақстан Республикасының ЕАДБ кеңесіндегі өкілетті өкілінің орынбасары Ерұлан Жамаубаев ADFIAP 46-шы жылдық жиналысының қатысушыларына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысөзін оқып берді.

«Қазақстан қарқынды түрде өзара тиімді экономикалық, инвестициялық, сауда бағыттарындағы аймақтық және ғаламдық деңгейдегі ынтымақтастықты қолдап келеді», - делінген Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысөзінде.

Президент Қазақстан агроөнеркәсіп кешені, мұнай-химия, металлургия, өңдеу және тоқыма өнеркәсібі, көлік және логистика, қаржы секторы мен туризм салаларында зор күш-қуатқа ие екендігін атап өткен. Осы орайда, инвестициялық ауқаттың тұрақты түрде дамуы – мемлекет саясатындағы маңызды басымдық.

Өткен жылы Қазақстан 28 млрд АҚШ доллары болатын шетелдік тікелей инвестицияларды иеленді, бұл – соңғы онжылдықтың рекордтық көрсеткіші. «Жалпы, тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) көлемі бүгінде 383 млрд АҚШ доллары көлемінде», - деп көрсетілген Президент сөзінде.

Алматыда өткізіліп отырған халықаралық форум Азия-Тынық мұхит аймағында инвестициялық ынтымақтастықтың артуына қуатты серпін беріп қана қоймай, Азия-Тынық мұхиты мемлекеттері мен Қазақстан Республикасының қаржы-экономикалық серіктестігін кеңейтпек.

46-шы ADFIAP жылдық жиынын ADFIAP төрағасының міндетін атқарушы және Бангладеш IPDC Finance Бас директоры Моминул Ислам алғысөзімен ашты. Ол өз сөзінде қазіргі кезде ADFIAP Азия-Тынық мұхит аймағындағы 40 мемлекет құрамындағы 91 қаржы институтынан құралатындығын растады. Аталған қаржы институттарының алдыңғы қатарында Азия даму банкі, Жапон халықаралық қауымдастық банкі, Канада коммерциялық даму банкі, Қытай мемлекеттік даму банкі, Малайзия даму банкі және Үндістанның индустриялық даму банкі тұр. ЕАДБ 2022 жылғы маусым айында ADFIAP директорлар кеңесінің мүшесі болып қабылданды.

«ADFIAP жылдық жиналысы 2030 жылға дейінгі мерзім аралығында Тұрақты даму мақсаттары мен климат бойынша Париж келісімінің міндеттерін іске асыру барысындағы жаңа да ортақ жобаларды талқылау алаңы болмақ», - дейді Моминул Ислам.

ЕАДБ Басқарма төрағасы Николай Подгузов форумның ашылу салтанатында «Осы жылдың басты күн тәртібі − ұлттық және халықаралық даму институттарының көлік, қатынас, энергетика және сандық жүйелендіру бағыттары бойынша атқаратын рөлін айқындау» екендігін айтты.

«Өткізіліп отырған іс-шара барлық қатысушылар үшін ұқсас жобаларды іске асыру тәжірибелерімен бөлісу, сондай-ақ ұлттық және халықаралық даму институттарының талпыныс күшін біріктіру амалдары мен Орта Азияның қомақты инвестициялық күш-қуат көзін ашу, жаңа таныстық байланыстар орнатып, ынтымақтастықты арттыру үшін үлкен септігін тигізетіндігіне еш күмәнім жоқ», - деп атап өтті Николай Подгузов.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, ғаламдық даму бағыты Азия аумағына жылжығандықтан, қазіргі таңда жаңа даму жолдары ашылып жатыр.

«Бүгінгі ЕАДБ-нің қаржыландыру нәтижесінде біз Алматы қаласында ауқымды ЖЭО-2 газға айналдыру арқылы модернизациялау, халықаралық Алматы әуежайы мен Үлкен Алматы автожол шеңберін кеңейту (БАКАД) іспетті жобаларды іске асырмақпыз. Осы жобалардың атқарылуына 2,2 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция бөлініп отыр», - деді әкім.

Ол Алматы Қазақстанның мәдени, ғылыми, іскер және қаржы орталығы болып табылатындығын да атап көрсетті. Алматы үлесіне мемлекеттің ЖІӨ көрсеткішінің бестен бір бөлігі (2022 жылы 18,5%), әрі елдің ортақ табыс ауқымының төрттен бір бөлігінен астамы тиесілі. Бұл қалада республиканың негізгі банктерінің 90%-ы, 111 халықаралық ұйымдар мен компаниялар шоғырланған.

«Біздің басты міндетіміз – әлемнің түкпір-түкпірінен таланттарды, инвестиция мен технологияларды тарту арқылы Алматы қаласын жайлы және қауіпсіз ету. Көлік жүйесін жаңғырту, энергияны үнемдейтін тұрғын үй құрылысы, инженерлік желілерді жаңғырту, басқа да «жасыл» жобалар мен бастамаларды жүзеге асыру басты назарға ие», - деп атап өтті қала басшысы.

ЕАДБ мәліметтері бойынша, соңғы 20 жылда Еуразиялық аймаққа инвестиция көлемі 17 есеге артып, 211 млрд АҚШ долларына жетті.

Қазақстан халықаралық жоғары деңгейдегі іс-шараны өткізу үшін кездейсоқ таңдалмады. Ол Doing Business (2020 ж.) рейтингінде әлемнің 190 елінің арасында 25-орында тұр. Соңғы 15 жылда Қазақстан бұл рейтингіде 57 позицияға көтеріліп, тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) ең көп көлемін, атап айтқанда өңірге келіп түскен ТШИ жалпы көлемінің 75%-ын иеленді.

Форумға қатысушылар Орталық Азия мемлекеттерінің алдында толық қамтылған және келісілген іс-қимылды талап ететін кем дегенде төрт негізгі проблеманы талқылауға дайын. Бұл теңізге шығу жолының жоқтығы, қаржы секторының даму деңгейінің төмендігі, су-энергетика саласындағы іс-қимылдардың келіспеушілігі, сондай-ақ жағымсыз климаттық өзгерістер мәселелері.

Форумның жұмысы үш күнге – 15 және 17 мамыр аралығына жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар