Алматыдағы емдеу мекемелеріне 335 млн теңге айыппұл салынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың бастапқы екі айында Алматы тұрғындарына көрсетілген медициналық көмек сапасын бақылау барысында 6,4 мың қызметтің түрлі кемшілікпен көрсетілгені анықталды. Нәтижесінде қаладағы емдеу мекемелеріне 335 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Медициналық қызмет сапасын бақылау бөлімі жетекшісі Әсем Манапбаеваның айтуынша, кемшіліктің басым бөлігіне консультативтік-диагностикалық көмек көрсететін клиникалар тарапынан жол берілген. Жалпы, консультативтік-диагностикалық көмек бойынша 4,5 мың қызмет түрлі кемшілікпен көрсетілген. Нәтижесінде 7,1 млн теңге қайтарып алынды.

«Ақаумен көрсетілген 1,5 мың қызмет – стационарлар мен стационарды алмастыратын көмек ұйымдарына тиесілі. Аталған кемшіліктер үшін аталған клиникалар 321,8 млн теңге айыппұл төледі. Ал, емханалар 343 қызметті кемшілікпен көрсеткен. Мониторинг нәтижесінде 6 млн теңге қорға қайтарылды»,- деді Әсем Манапбаева.

Көптеген медициналық ұйымдар емдеу-диагностика барысында белгіленген стандарттардан ауытқу, медициналық құжаттарды дұрыс толтырмау, қызмет бағасын негізсіз өсіру сынды олқылықтарға орын берген. Сонымен қатар, көрсетілді деп жазылған белгілі бір қызмет түрлерінің шын мәнінде көрсетілгенін растай алмаған емханалар да бар.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры көрсетілген қызмет сапасына тұрақты бақылау жүргізіп отырады. Бүгінде дәрігер көмегіне жүгінбеген адамды «қабылдауда болды» деп жазу мәселесі жұртшылық арасында өзекті мәселеге айналғаны белгілі. Биылғы қаңтар-ақпан айларында филиал мамандары азаматтардан түскен арыз-шағымдар нәтижесінде осындай 57 фактіні анықтап, емхана-амбулатория деңгейінде жүргізілген мониторинг барысында медицина ұйымдарына 1,4 млн теңге айыппұл салды. Қайтарып алынған қаражат медициналық көмектің өзге түрлеріне жұмсалады»,- деді МСҚ Алматы филиалының Медициналық қызмет сапасын бақылау бөлімі басшысы Әсем Манапбаева.

Алматыда 182 медицина ұйымы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде халыққа тегін көмек көрсетіп жатыр. Олармен бекітілген келісімшарттың жалпы сомасы 180,8 млрд теңгеден асады.


Соңғы жаңалықтар