Алматыдағы діни бірлестіктер клубы Құрбан айт мерекесімен құттықтады

None
None
АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - Алматы қаласындағы діни бірлестіктер клубының басшылары орталық мешітке келіп, мұсылман қауымды Құрбан айтпен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыдағы орталық мешітке діни бірлестіктер клубының басшыларды келді. «Бахай» қауымдастығы, «Лютеран» шіркеуі, Кришна санасы қоғамы, Рим Католик Епархиясы және индуизм өкілдері барша мұсылмандарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

«Біздің тіліміз бен дініміз бөлек болғанымен, ниетіміз бір. Алматыдағы барлық діни бірлестіктер атынан барша қазақстандлықтарды,Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! Шалған құрбандықтарыңыз қабыл болып, барлық дұға-тілектеріңіз орындалсын», - деді Алматы және Алматы облысындағы Інжіл Христиан баптистер шіркеулерінің аға пресвитері Алексей Лубошников.

Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Керімбекұлы қонақтарға Құрбан айт мейрамының ерекшелігі мен құрбан шалудың сауабын айтып берді.

«Бұл ерекше діни мейрам. Бейбітшілік, бірлік және келісім сияқты жалпы адамзаттық құндылықтарды сақтауға ықпалы зор. Құрбан айтты барша мұсылман қауым асыға күтеді. Бұл күндердің ұлықтығы сол - мұнда адам баласы өз Жаратушысына барынша жақындауға мүмкіндік алады. «Құрбан» сөзі де араб тілінен аударғанда, «жақын болу», «жақындау» мағынасын білдіреді. Алланың рақым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал. Мұсылман әр жылда құрбан шалып, сол құрбан етінің бір бөлігін отбастарына, екінші бөлігін туған-туыстарына, жолдастарына және тұрмысы төмен отбасыларға таратып береді», - деп түсіндірді Алматы қаласының бас имамы.

Құрбан айт - мұсылмандардың ең қасиетті мерекесі. Ол «ораза айттан» кейін 70 күннен соң басталып, 3 күнге созылады. Құрбан айт мейрамының жамағат арасындағы бірлікті күшейтіп, бауырластықты арттырудағы рөлі зор.«Айт - ағайын арасын жақындастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге үндейтін ұлық мереке. Бұл күндері барша мұсылман ізгі амалымен Алланың разылығына бөленеді. Ұлттар мен ұлыстарды бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге бастаған мүбәрак мейрам»,-деді Алматы қалалық діни бірлестіктер клубының төрағасы Кәкімжан Бишманов.

Клуб мүшелері Құрбан айт дастарханынан дәм татып, арнайы ұйымдастырылған мәдени іс-шараларды тамашалады.

Қалалық Қоғамдық даму басқармасының мәліметіне сәйкес, Алматыда 17 конфессияның 180 діни бірлестігі жұмыс істейді.


Соңғы жаңалықтар