Алматыдағы BRT жобасының екінші кезеңі кейінге шегерілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық мобильділік басқармасының басшысы Ғани Мырзаханов онлайн брифинг барысында BRT (жүрдек автобус желісінің) екінші кезеңі кейінге шегерілгенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екінші кезеңді жобалау 2017 жылы басталып, жоба 80-85 пайызға әзірленді. LRT капиталдық жобасына қатысқан компания дайындаған болатын. Жобаны толығымен аяқтау мүмкін болмады: компания лицензиясынан айырылды, олардың құқықтық мәселелері болды. Қазір бұл компаниямен соттасып жатырмыз. BRT жобасының екінші кезеңі кейінге шегерілді», - деді басқарма басшысы.

Ғани Мырзаханов BRT жобасының бірінші кезеңі бойынша негізгі жұмыстардың аяқталғанын қосты. Жандосов көшесінің Үлкен Алматы өзенінен Алтынсаринге дейінгі бөлігі арнайы жолақты қоса алғанда төрт жолақтан алты жолақтыға дейін кеңейтілді.

«Бүгін BRT жобасының бірінші кезеңі аяқталды деп айта аламыз. Аз жұмыс қалды», - деді ол.

Бұған дейін BRT жобасының екінші кезеңі, яғни 13 шақырымдық учаскесі Желтоқсан көшесімен Төле би, Шығыс айналма жолы, Halyk Arena тұсындағы депоға дейін баратыны туралы айтылған болатын.


Соңғы жаңалықтар