Алматыдағы блокпостардан күн сайын 10 мыңнан астам көлік өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы полициясының басшысы блокпостарда жұмыс істеген қызметкерлерді марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

19 наурыздан бастап Алматы қаласының периметрі бойынша 27 блокпоста жұмыс істеген қызметкерлерді департамент басшысы Қанат Таймерденов арнайы алғыс хаттармен марапаттап, олардың адал еңбектерін атап өтті.

«1 маусымнан бастап, Алматы қалалық жедел штабтың шешімімен, коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы карантиндік шаралар аясында екі жарым ай бойы жұмыс істеген блокпостар өз жұмысын тоқтатады. Аурудың алдын алуда маңызды рөл блокпостарға берілді, олардың қызметкерлері инфекция жұқтырудың қауіп-қатеріне қарамастан тәулік бойы қызмет етіп, заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етті. Жалпы, блокпостардың жұмысына 700-ге жуық полиция қызметкері жұмылдырылды», – деді Қанат Таймерденов.

Блокпостардан күн сайын орташа есеппен 10 мыңнан астам автокөлік өтті. Карантиндік аймақтың шекараларын заңыз кесіп өтпек болған 1000-нан астам факті анықталды. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде мемлекеттік қызметшіні қорлау, бағынбау және зорлық-зомбылықтың 34 фактісі тіркелді. Жалпы алғанда, қалада карантинді қамтамасыз етуге Ұлттық ұланның бес мыңнан астам әскери қызметкерлері мен полицейлер жұмылдырылды. 19 наурыздан бастап Алматыдан тыс жерде тұратын бір жарым мыңнан астам тәртіп сақшысы казармаға ауыстырылды.


Блокпостарда, жаяу патрульдеуде, карантиндік аймақтарды қоршауға қатысқан 4 300-ден астам полиция қызметкері бір айлық жалақының көлемінде ақшалай сыйақымен марапатталды. Тағы 200-ге жуық адамға дипломдармен және алғыс хаттар табыс етілді.

«Ішкі істер министрлігі басшылығының, қала әкімінің және жеке өзімнің атымнан сіздерге төтенше жағдай кезіндегі жанқиярлық жұмыстарыңыз бен блок бекеттерінің үздіксіз жұмыс жасағаны үшін алғысымды білдіремін. Дәрігерлерге, әкімдік қызметкерлеріне, санитарлық қызмет өкілдеріне, әскери қызметкерлерге және сеніп тапсырылған аудандарда қызмет көрсеткен еріктілерге ерекше алғыс білдіреміз, – деп қорытындылады Қанат Таймерденов.

Бұған дейін, қала әкімі 1 маусымға қараған түні блокпостардың алынатыны туралы айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар