Алматыдағы «Бақытты отбасы» орталықтары 30 мыңға жуық адамға қызмет көрсетті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қаладағы «Бақытты отбасы» орталықтары 30 мыңға жуық адамға қызмет көрсетті. Бұл туралы «Бақытты отбасы» қалалық орталығының директоры Зүлфия Байсақова онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылдың 8 айында біздің орталықтар 29 мыңнан аса адамды қабылдады. Біз білімін арттырып, өзін-өзі жұмыспен қамти білуі үшін білім беру тренингтері мен семинарлар өткізіп тұрамыз. Онда баланың тәрбиесіне қатысты семинарлар, тігін тігу курсы, шаштараз, сән үлгісі, массаж сияқты өзін-өзі жұмыспен қамтуға бағытталған курстар өткізіледі. Бұл кәсіпті игерген адам өз бизнесін ашуына жол ашылады», - дейді Зүлфия Байсақова.

Сонымен қатар, ол Алматыда аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналарға қолдау көрсететін тоғыз «Бақытты отбасы» орталығы бар екенін атап өтті.

« Бұл орталықтар қала әкімдігінің бастамасымен ашылған және үкіметтік емес ұйымдарымен іске асырылуда. Орталықтың мақсаты – көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасылардың өмір сапасын арттыруға, өздерін жұмыспен қамтуына жағдай жасап, оларды жігерлендіруге бағытталған. Сондықтан «Бақытты отбасы» орталығы адамдардың өмірін жақсы жағына өзгертуге атсалысып, оларға жол көрсететін мекемеге айналып отыр»,– дейді ол.

Оның айтуынша, орталықтарда кәмелеттік жасқа толмаған балалар үшін пәндік онлайн курстар ұйымдастырылады.

«Карантин кезінде онлайн оқыту әдісі қолданылады. Жыл басынан бері 34 мыңнан астам әйел мен бала оқыту курсына қатысты»,– деп атап өтті «Бақытты отбасы» қалалық орталығының директоры Зүлфия Байсақова.


Соңғы жаңалықтар