Алматыдағы «Азат» базары қасақана өртелген болуы мүмкін

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы «Азат» базары қасақана өртелген болуы мүмкін. Әзірге күдікті ретінде №21 дүңгіршекті жалға алушы азамат ұсталды. Бұл туралы Алматы қалалық ТЖД ерекше тапсырмалар жөніндегі аға анықтаушысы Қайрат Исламбеков мәлімдеді.

«Жүргізілген тексеру қорытындысынан кейін өрт сауда орнының екінші қабатындағы №21 дүңгіршектен басталғаны мәлім болды. Сауда орнындағы күзет қызметкерлерінің айтуынша, жалға алушы сол мезетте дүңгіршекте болған. Өрт тұтануынан 2 минут бұрын ол белгісіз бағытта шығып кеткен. Оқиға орнында жұмыс істеген анықтаушылар есіктің бұзылмағанын айтып отыр. Осыған орай ол азамат ұсталып, ІІД тергеу бөліміне жіберілді. Қазіргі таңда одан жауап алынуда», - деді қалалық ТЖД ерекше тапсырмалар жөніндегі аға анықтаушысы Қайрат Исламбеков.

Қалалық ТЖД өртті зерттеу зертханасының қызметкерлері оқиға орнында техникалық тексеру жүргізген болатын. Нәтижесінде өрттің ашық жалыны тез тұтанғыш сұйықтықтың тұтануынан болғандығы анықталды.

«Егер күдіктінің дүңгіршекті қасақана өртегені анықталса, аталған дерек ойынша ҚР қылмыстық кодексінің 187-бабының 2 а тармағы бойынша (қасақана өртеу) қылмыстық іс қозғалады. Сондай-ақ, қылмысы үшін ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деп қорытындылады Қайрат Исламбеков.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Алматыда Шевченко көшесі, 210 үй мекенжайы бойынша орналасқан «Азат» сауда үйі өртенген болатын.

Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлағандай, өрт жайлы хабарлама диспетчердің пультіне таңертеңгі сағат 11-ден 10 минут өткенде келіп түскен. Өрттің залал келтірген аумағы 250 шаршы метрді құрады.

Соңғы жаңалықтар