Алматыдағы автоХҚО-ларда ұзын-сонар кезек неліктен қалыптасып жатыр

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласы мен оның маңындағы елді мекендерде автодромдардың аз болуынан мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзын-сонар кезек қалыптасып жатыр. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы филиалының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы филиалының мәліметінше, қалада орналасқан 10 автомектептің әрқайсысы ай сайын орташа есеппен 300-350 курсантты дайындап, қалада істеп тұрған 2 автодромға емтиханға жібереді. Бұл автодромдар қаланың 2 мамандандырылған ХҚО-да орналасқан. Сол себепті осы автоХҚО-лар алдында ұзын-сонар кезек пайда болады.

«Қазіргі таңда Алматыда 4 мамандандырылған ХҚО бар, оның тек екеуінде автодром жұмыс істейді. Бұл автодромдарда жүргізу бойынша емтиханды тапсыру кезінде адами факторды болдырмау үшін заманауи электрондық бақылау жүйесі қолданылады. Сонымен қатар қазіргі таңда емтихан тапсырушыларды алдын ала жазу арқылы автоХҚО-лардағы кезекті реттеп отырмыз. Айта кетейік, №1 мамандандырылған ХҚО автодромына автоматтандырылған жаңа 2 көлікті іске қосқалы отырмыз», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы директорының орынбасары Әсем Болатбекова.

Еске салсақ, мамыр айының басындағы мереке, демалыс күндерінен соң, қаладағы барлық автоХҚО-ларда ұзын-сонар кезек пайда болған еді.

Айта кетейік, Алматыда автодромы бар №1 мамандандырылған ХҚО Алатау ауданы, «Саялы» шағынауданы, Аққайнар көшесі, 1 мекенжайында, №6 мамандандырылған ХҚО Жетісу ауданы, «Кемел» шағынауданы, Ақсуат көшесі, 118 мекенжайында орналасқан.


Соңғы жаңалықтар