Алматыдағы «Атакент» паркінің алдындағы автотұрақ жойылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы «Атакент» кешенінің ішкі аймағы түгел жаяу жүргіншілерге арналатын болды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен қала құрылысы кеңесінің отырысында мәлім болды.

Көрме кешенін жаңғырту бойынша Роман Шнайдерманның жобасы бірауыздан қабылданды.
«Атакент аумағы Ботаникалық бақты алғанда 100 га болады. Бұл Нью-Йорк орталық саябағының аумағымен барабар. Ең алдымен кешен жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болу керек. Кешен ішіндегі автомобиль қозғалысы сыртқа шығарылады. Аймақтағы қоршаулардың барлығы алынады. Көрме кешені алдындағы арка көркейтіліп, алдындағы автотұрақ көшіріледі. Керісінше, ол жерге рекреациялық аймақ салынады. Сондай-ақ, тарихи ескерткіш орнатылады», - деді AGS Project Engineering директоры Роман Шнайдерман.
Оның айтуынша, қазір аталған аумақта жасыл желекті автоматты түрде біркелкі суғару үшін скважина орнатылып жатыр.
Айта кету керек, бүгін әкімдікте өткен жиын барысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сынынан кейін қала құрылысында бірқатар өзгерістер енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, тау бөктері мен таулы аймақтарда құрылыс бастауға тыйым салынды. Ал Әл-Фарабиден жоғары аумақта салынатын ғимараттардың биіктігі 3 қабаттан аспауы керек. Одан биік нысандардың жоғарғы қабаттары ертеңнен бастап сүріледі.

Соңғы жаңалықтар