Алматыдағы апатты үйдің тұрғындары басқа жаққа көшіруді талап етіп отыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы екі қабатты үйдің тұрғындары апатты жағдайға байланысты басқа үйге көшіруді талап етуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ескі екі қабатты үйлер Жетісу ауданы «Кемел» ықшамауданы Дулыға көшесі №15 мекенжайында орналасқан. Тұрғындардың айтуынша, бұл баспана 1950 жылы салынған. Мұнда жылу, газ, ыстық су мүлде жоқ.

Осы үйдің байырғы тұрғыны Елена Шелковенко тұрғындардың тек суық су ғана пайдаланатынын жеткізді. Электр кернеуінің әлсіздігінен мұнда су жылытатын бойлер қосу мүмкін емес.

«Электр желісінің кесірінен тұрғындардың тұрмыстық техникасы күйіп кетіп жатыр. Тоңазытқыштар, қысқатолқынды пештер, кір жуатын машиналар, компьютерлер және басқа да техниканың күйі осындай. Сонымен қатар бізде газ баллоны тұр. Мұндай үйде газ баллонын пайдалануға болмайды. Бізде осы уақытқа дейін екі рет өрт шықты. Абырой болғанда көршіміз дәл уақытында келіп, жарылыстың алдын алды. Ол газ баллондарын сыртқа шығарып үлгерді. Қазір үй құлауға жақын. Қабырғалар үнемі дымқыл болып тұрады. Тіпті бірінші қабаттағылар пәтерін ағаш жағып жылытады»,- дейді апатты үйдің тұрғыны Елена Шелковенко.

Оның айтуынша, қала билігі тұрғындардың өз қаражаты есебінен модернизациялауды ұсынған. Алайда тұрғындар үйдің қайта қалпына келтіруге жатпайтынын айтады. Тіпті, модернизацияға беретін ақшасы да жоқ. Мұнда көбіне зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар мен жалдаушылар тұрады.

«Бізді басқа жерге көшірсін немесе осы жерден жаңа үй тұрғызып берсін. Біздің қалауымыз осы. Біз өз күшімізбен кіреберіске жөндеу жұмысын жүргіздік, кейбір тұрғындар шатырды жамап жатыр. Бірақ ол да көмектеспейді. Бәрібір бір күні құлайды. Мен түнде электр жылытқышты қолданам, пәтерімнің төбесі опырылып түсетіндей көрінеді», - деп толықтырды Елена.

Сонымен қатар, тұрғындар мұнда егеуқұйрықтар мен тарақандардың көп екенін айтты.

Өз кезегінде жергілікті әкімдік бұл үйді «ҚР тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты модернизациялау - 2020» бағдарламасы бойынша жаңартуға болатынын айтады.

«Осы бағдарлама бойынша кез келген үй иесі хаттама толтырып, оны қалалық тұрғын үй саясаты бөліміне өткізе алады. Онда оларды бағдарламаға қосып, жобалық-сметалық құжаттама жасайды. Осы жобаның негізінде тұрғындар үйдің қасбетін, кіреберісін және шатырын жөндете алады. Бұл үйлерді модернизациялауға болады деп ойлаймын, өйткені бізде осы бағдарлама бойынша жаңартылған үйлер бар. Бұл - мемлекеттік бағдарлама. Мұнда ақша қайтарымды негізде беріледі. Мысалы тұрғындар жөндеудің бір түрін таңдайды делік, мемлекет оны жүргізеді, бірақ әр алаң үшін тұрғындарға төлеу түбіртегі жіберіледі. Бұл - пайызсыз 8 жылдан 15 жылға дейінгі жарна», - дейді Жетісу аудандық әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Сейтімбетов.

Оның айтуынша, өткен жылдың көктемінде әкімдік өкілдері инвесторлармен бірге бұл үйлерді тексеріп, көріп шыққан. Екі қабатты қос үй «Тозығы жеткен үйлер» бағдарламасына енгізілді. Қазір бұл бағдарлама бойынша Жетісу ауданында 136 үй бар.


Соңғы жаңалықтар