Алматыдағы «алып тиінге» қанша қаржы кетті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Атакент» орталық көрме кешенінің кіреберісінде пабликтер әлеміндегі ең ірі арт-нысанның ашылу салтанаты өтті. Алтын тиін пішіндес нысанның биіктігі - 12 метр, салмағы - 12 тонна, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тиіннің құны миллиард теңге емес. Ғаламторда тараған ақпарат - жалған. Тиін - мемлекет пен Funk агенттігінің бірлесіп жүзеге асырған жобасы. Мемлекет тарапынан 15 миллион теңге қаржы жұмсалды, ал жобаның жалпы құны 23 миллион теңгені құрады», - деді Funk агенттігінің басшысы Майра Измайлова.

Осы маусымда тиіннен бөлек 15 арт-нысанды орнату жоспарланған. Аталмыш жұмыстардың барлығын қазақстандық өнер қайраткерлері жасаған. 16 нысанның жалпы құны 78 миллион теңге болды. Бұл сомаға байқаудың ұйымдастырылуы, сондай-ақ, тиіннің авторы Алекс Ринслердің қатысуы кірді. Шығынның біраз бөлігін Funk агенттігі көтерген. Бұл жөнінде Алматы қаласының Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Наиля Мулюкова мәлім етті.

Жаңа арт-нысанның «Атакент» көрмесіне қарама-қарсы орнатылғаны туралы 8 шілдеде белгілі болған. Ол әлеуметтік желі пайдаланушыларының бірден қызығушылығын тудырған. Тиін шамамен 9 айдай сол жерде тұратын болады.

Нысанның авторы - Алекс Ринслер есімді ұлыбританиялық суретші. Оның жұмыстары қалаға жаңа реңк беріп, тұрғындардың көңілін аударуға арналған.

Соңғы жаңалықтар