Алматыдағы әлеуметтік бейімдеу орталығы тек «жатақхана» мен «асхананың» қызметін атқарып отыр - прокурор

None
None
АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - Алматыдағы әлеуметтік бейімдеу орталығының жұмысы талапқа сай келмейді. Бұл туралы бүгін Түрксіб ауданының прокуроры Тимур Атжанов айтты.

«Біздің прокуратура қызметкерлері жақында Алматы қалалық әлеуметтік бейімдеу орталығының қызметін тексерген болатын. Тексеру нәтижесінде ұйымның өзіне жүктелген міндеттерін дұрыс орындамай отырғандығы анықталды. Қазіргі таңда орталық тұрғылықты мекен жайы жоқ адамдардың қонып, тамақ ішетін орны ретінде ғана қызмет етіп отыр. Ал, олардың әлеуметтік ортаға бейімделуі назардан тыс қалған. Оның дәлелі ретінде Орталықта тұратын адамдардың қалыпты ортаға бейімделмегенін айтуға болады», -деді Түрксіб ауданының прокуроры Тимур Атжанов. Сонымен қатар, оның айтуынша, ұйымның келушілерге көрсететін медициналық қызметі де талаптарға сай келмейді. «Медпункттің7 қызметкерінің арнайы сертификаты, болмаса білімін жетілдіргені туралы құжаты жоқ болып шықты. Сонымен қатар, прокурорлар медициналық препараттардың, азық-түлік бағасының негізсіз көтерілгендігін растап отыр», - деді ол. Аталған дерек бойынша қазір Қалалық әлеуметтік орталық директоры Н.А.Коротицкий тәртіптік жауапкершілікке тартылып, жұмысынан босатылды. Сонымен қатар, аталған орталықтың 9 лауазымды тұлғасы әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Соңғы жаңалықтар