Алматыдағы академияда курсанттың өліміне қатысты тексеру жалғасып жатыр - Нұрділдә Ораз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы академиясында курсанттың өліміне қатысты тергеу барысын министр жеке бақылауына алды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев курсанттың қаза болуына байланысты кешенді тексеру жүргізіліп жатқан ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясына барды. Тексерістің алдын ала нәтижелері туралы ведомство басшысына арнайы топтың басшысы – ІІМ Кадр саясаты департаментінің бастығы Айдар Сайтбеков баяндады.

Оның айтуынша, оқу орнының тұрмыстық жағдайы, материалдық-техникалық жабдықталуы ғана емес, оқытушылар мен курсанттар арасындағы моральдық-психологиялық ахуал да зерделеніп жатыр. Қазіргі уақытта жүйелі ақша жинауды көрсететін өрескел бұзушылықтар анықталмаған. Сонымен қатар, курсанттар туыстарының оқу орны қабырғасындағы қысым туралы хабарламалары да мұқият қаралуда», - деді Н. Ораз онлайн брифингіде.

Өз кезегінде ІІМ Кадр саясаты департаментінің бастығы Айдар Сайтбеков курсант өліміне қатысты кешенді тексеру барысында әлеуметтік зерттеу жүргізілгенін атап өтті.

«Осы орайда Өтегенов өзінің курстастарынан түрлі сомада жиі қарыз алғаны, сондай-ақ букмекерлік конторада онлайн ақша тіккені анықталды. Қазіргі кезде ата-анасының уәжі, сондай-ақ академиядағы оқу-тәрбие процесі, ұжымдағы моральдық-психологиялық жағдай тексеріліп жатыр. Жалпы тексеріс барысын министр жеке бақылауына алды. Ол академияға барып, Өтегеновтың қатарластарымен, оқытушылар құрамымен кездесті», - деді А. Сайтбеков.

Естеріңізге сала кетейік, Мақан Есболатов атындағы ІІМ Алматы академиясының курсанты Саламат Өтегеновтің қаза табуына байланысты Алматы қаласының Полиция департаменті ҚР ҚК-нің 105-бабы (өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Курсанттың өлімінен кейін Алматы академиясының бастығы қызметінен босатылды.


Соңғы жаңалықтар