Алматыдағы Абай көшесін созу қашан аяқталады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай Абай көшесін созу жұмысы қашан аяқталатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жұмыс 2017 жылы басталған болатын.

«Наурызбай ауданында Абай көшесінің бойында 264 нысан орналасқан. Олардың біразы учаскесін сатуға сот арқылы келісті. Қалғаны сотта қаралып жатыр. Бағалау жүргізіліп жатыр. Абай көшесі Әшімов көшесіне дейін созылды. Батыстан Карьерная көшесінен Нұрлы көшесіне дейін де жөндеу жұмыстары аяқталды. Енді осы екі учаскені қосу ғана қалды», - деді ол.

Әкімнің айтуынша Жер қатынастары басқармасы жерді мемлекет мүддесіне сатып алумен айналысып жатыр.

Биыл осы мақсатта 3,7 млрд теңге бөлінді.

«Бұл белгіленген өтемақыға келіскен учаскелер бойынша көрсетілген сома. Келіспеген адамдармен жұмыс келесі жылы сотта қаралады. Анық уақытын айту мүмкін емес. Шамамен екі жылда жүзеге асып қалар деп ойлаймын», - деді Санжар Тоғай.

Сонымен қатар, аудан басшысы Төле би көшесінің болашақтағы келбеті туралы баяндады.

«Алматы қалалық бас жоспарына сәйкес Төле би көшесі Нұрлы көшесіне дейін созылуы тиіс. Бұл көше аудан әкімдігінен басталып, Райымбек көшесіне дейін созылатын болады. Бүгінгі таңда Нұрлы көшесін Райымбекке дейін созу, Төле би көшесін Нұрлы көшесіне дейін созу мәселесін қарастырып жатырмыз. Бұл шаралар қалаға кіретін көліктер ағынын азайтуға септігін тигізбек. Жоба биыл аяқталады. Келесі жылы құрылыс жұмыстары басталады», - деді ол.



Соңғы жаңалықтар