Алматыдағы 5 жолайрығының құрылыс жобасы «Нұрлы жол» бағдарламасына енеді - В.Меренков

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы 5 жолайрығының құрылыс жобасы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асатын болды. Бұл туралы бүгін әкімдікте өткен жиында қалалық автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Меренков айтты.

Әкімдік өкілдері қаланың көліктік инфрқұрылымын дамыту мәселелерін талқылады.

Жиын барысында мәлім болғандай, 5 жаңа көлік жолайрығының құрылысы бойынша (Сейфуллин көшесі - Жансүгіров көшесі, Бөкейханов көшесі-Солтүстік айналым көшесі, Әл-Фараби даңғылы - Ремизовка, Рысқұлов даңғылы - Емцов көшесі, Рысқұлов даңғылы - Құлжа күрежолы) жобалау жұмыстары әзірленуде.

«Осы бес жоба бойынша сараптама жасалды. Құрылыс жұмыстарына әзірміз. Алайда, республикалық бюджеттегі қиын жағдайға байланысты біздің ұсынысымыз әзірге мақұлданбады. Қазір «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша құжат әзірлеп жатырмыз. Бұл өте маңызды жоба», - деді В.Меренков.

Оның айтуынша, басты басымдық қаладан шығатын жолдарды жөндеуге берілуде.

«Біз Рысқұлов көшесін ЖЭО-ға дейін, Момышұлы көшесін Боралдай трассасына дейін шығардық. Сондай-ақ, Абай көшесін де қаланың сыртына шығару жоспарда бар», - деді ол.

Сондай-ақ, Наурызбай ауданында Абай көшесіне шығатын Алматы көшесі жаңғыртылып жатыр.

Барлығы қала бойынша 1700 шақырым жолдың 1260-ы жөндеуден өтті.

Соңғы жаңалықтар