Алматыдағы 3 жолайрық құрылысы жыл соңында аяқталады
2022 жылғы 12 тамыз 13:33

Алматыдағы 3 жолайрық құрылысы жыл соңында аяқталады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда қала әкімі Ерболат Досаевтың төрағалығымен жауапты басқарма басшыларының, аудан әкімдерінің, көлік компаниялары мен ғылыми мекемелер өкілдерінің қатысуымен 2022 жылға арналған Алматы қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеңес барысында биылға арналған жол инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыс жоспарын орындау жөніндегі есеп тыңдалды. Жоспарға жолайрықтарын салу, көшелерді ұзарту, шағынаудандарда жол салу, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу кіреді.

Бүгінде Алматының көше-жол желісінің ұзындығы 3 097 шақырымды құрайды, оның 234 шақырымында қатқыл жабын жоқ. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесінің көрсеткішін 2025 жылға қарай 95%-ға дейін жақсарту қажет. Жыл сайын 70 км жаңа жол салу, ұзындығы кемінде 200 км жолды орташа және 350 мың шаршы метрден астам асфальтбетон жабынын ағымдағы жөндеумен қамту қажет.

Қазіргі уақытта қалада үш жолайрығының құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін Бұқтырма көшесі, Құлжа тас жолы, Саин - Мөңке би және Сейфуллин - Жансүгіров көшелері бойындағы жолайрығының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Кеңес барысында үш көшені ұзарту бойынша ағымдағы жұмыс барысы талқыланды. Саин көшесін ұзарту келесі жылы, Төле би көшесін ұзарту жер учаскелерін сатып алу және қайтарып алу мерзімдеріне байланысты 2024 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Кездесу кезінде жалпы ұзындығы 9,3 км болатын Рысқұлов даңғылы, Жұбанов, Қажымұқан көшелері мен Абай даңғылын жалғайтын төрт жобаның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу барысы туралы баяндалды.

Қала әкіміне Алғабас, Әлмерек, Қайрат және Ақжар сияқты төрт шағынауданда жол салу жұмыстарының барысы туралы баяндалды. Үш шағынауданда (Шаңырақ-1, Шұғыла және Шапағат) атқарылатын жұмыстар кезекте тұр. Биыл барлығы 70 шақырым жаңа жолдың құрылысы жүргізілуде. Жол жұмыстары энергетика және сумен жабдықтау басқармасымен келісе отырып, инженерлік желілер құрылысының аяқталуына қарай орындалатын болады.

Орташа жөндеу жұмыстары аясында ұзындығы 219 км 221 көшеде, оның ішінде қаланың 18 магистралды көшесінде жөндеу жүргізілуде. Бүгінде 87 көшеде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Жолдардың сапасына кері әсер ететін негізгі проблемалық мәселе құрылыс салушылардың желілерді тарту бойынша жоспарлы жұмыстары болды. Қала әкімі жұмыс тиімділігі мен сапасын арттыру үшін қала аудандарынфң басқармалары мен әкімдіктерінің іс-қимылын үйлестіруді тапсырды.

Кездесу барысында жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарының қызмет көрсетуі және жөндеу, жол белгілерін салу және жаңарту жұмыстарының барысы туралы баяндалды. Жыл басынан бері 1712 жаңа жол белгілері орнатылып, 52 бағдаршам нысаны іске қосылды, 184 мың шаршы метр жол белгілері жасалды, 1200 метр жол қоршауы орнатылды.

Алматы әкімі Е. Досаев қалалық мобильділік басқармасына жөнделген учаскелердегі таңбалардың сапасына назар аударуды тапсырды.

Қала басшысына жаңа технологиялар мен материалдарды қолдану, соның ішінде люктердің жаңа түрлерін, мастикалық лентаны, полимерлі негіздегі асфальтбетон қоспасын және т.б. пайдалану жөніндегі эксперименттік жұмыстардың алдын ала жасалған қорытындылары ұсынылды. Е.Досаев жолдарды салу және жөндеу кезінде жаңа материалдарды қолдануды қарастыруға тапсырма берді.

Метроның екі станциясының пайдалануға берілуіне байланысты бағыт желісін өзгерту жоспарлануда, оның ішінде жыл соңына дейін жақын арада жаңа төрт бағыттың ашылуы және ағымдағы 9 бағытты түзету көзделіп отыр. Қала басшысы қоғамдық көлік жүргізушілері үшін автобустарға арналған бұрылу-өту алаңдарын жақсартуға ерекше назар аударуды тапсырды.

Кеңес барысында көлік әрі жолаушыларды отырғызу тораптарын, автобус парктерін, автомобильдік газ толтыру компрессорлық станцияларын (АГТКС) және т. б. салу мәселелері талқыланды.

Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі жолайрықтары мен өтпелі жолдарды салу үшін жер учаскелерін сатып алуды жеделдетуді, жол белгілері мен бағдаршамдардың нашар көрінуіне байланысты ағаштарды санитарлық кесу жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ биылға жоспарланған барлық жұмыстарды кестеге сәйкес орындауды тапсырды.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT