Алматыда зиялы қауым өкілдері ЕАЭО-ның Қазақстанға тигізер ықпалын талқылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бүгін зиялы қауым өкілдері Еуразиялық экономикалық одақтың Қазақстанға тигізер ықпалын талқыға салды.

Ғылым ордасында өткен алқалы жиынға академиктер, ғалымдар, ғылыми зерттеу институттарының жетекшілері, экономистер, тарихшылар, сарапшылар қатысты.

Мамандар 29-мамырда қол қойылады деп жоспарланып отырған Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісім үш елдің аса күшті экономикалық аймақ құруына септігін тигізбек деген пікірде.

«Үш елдің ортақ экономикалық дамуының көлемі 2,2 трлн. АҚШ долларын құрады. Кедендік Одақ аясында бірігіп отырған Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің арасындағы тауар айналымы 24 млрд. АҚШ долларына жетті. 21-ғасырда елдердің экономикалық интеграцияға енуі басты қажеттілік болып отыр. Еуразиялық экономикалық одақ - табысты ықпалдасудың кепілі болмақ», - деді ҚР БҒМ ҒК Экономика институтының директоры Сәкен Еспаев.

Маманның айтуынша, қазіргі таңда қоғамда аталған мәселеге байланысты қызу пікірталас жүріп жатыр. Кей мамандар одақтың тиімсіз тұстары басым десе, кейбірі бұл бірігу экономикамыздың қарыштап дамуына әкеледі деп санайды.

«Қандай пікірталас жүрсе де, келісім шартқа өзгерістер мен ұсыныстар енгізуге әлі де мүмкіндіктер бар. Қазірдің өзінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мүшелері аталған құжатты жан-жақты қарап, 120 өзгерістер мен ұсыныстар енгізді. Олардың 110-ы комиссия тарапынан қабыл алынды», - деп қорытындылады ол.

Соңғы жаңалықтар