Алматыда жыл соңына дейін тағы 2 метро стансасы іске қосылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Сарыарқа» және «Достық» бекеттерінің құрылысы бойынша көшпелі жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мегаполис әкімі бекеттерді абаттандыру, жолдарды төсеу және тоннелдерді ұңғылау жұмысының қалай жүріп жатқанын тексерді.

Бақытжан Сағынтаев туындаған мәселелерді жедел шешуді және тек қала ғана емес, еліміз үшін де маңызды ауқымды құрылысты аяқтау үшін күш-жігерді біріктіруді тапсырды.

Көшпелі кеңес барысында мердігерлер қала әкімін жыл соңына дейін екінші бастау кешенін техникалық іске қосатынына және екі бекетті пайдалануға беруге міндеттенетініне сендірді.

Метрополитеннің бірінші желісінің екінші кезеңінің екінші бастау кешені Абай даңғылының астына, Алтынсарин даңғылынан батысқа қарай Яссауи көшесіне дейінгі жерде орналасқан. Кешен қума тоннелдерден және екі бекеттен – терең қазылған пилон типте жасалған «Сарыарқа» және таяз қазылған «Достық» бекеттерінен тұрады.

Жобаның жалпы дайындығы - 80%-ға жуық.

Бүгінде «Сарыарқа» бекетінде әрлеу, абаттандыру және инженерлік желілерді төсеу жұмыстарын аяқтау қажет.

Бекет «терең қазылған» түрге жатады, пилон типті және бір вестибюлден және екі кіреберіс топтан тұрады.

Бекетте 2 лифт және 8 эскалатор қарастырылған.

«Достық» бекетінде де әрлеу, абаттандыру және инженерлік желілерді төсеу жұмысы жүріп жатыр.

Бекет таяз қазылған бағаналы типті, мұнда екі вестибюль мен алты кіру есігі болады.

Мамандардың есептеуінше, екінші бастау кешені іске қосылғанда күнделікті жолаушылар ағыны шамамен 85 мың адамды құрайды.

Осылайша, метрополитендегі жолаушылар тасымалының көлемі едәуір артады және Абай даңғылының жүктемесі айтарлықтай азаяды.


Соңғы жаңалықтар