Алматыда жыл соңына дейін қуатты жер сілкінісі болмайды – сейсмолог

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жыл соңына дейін қуатты жер сілкіністері болмайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР ТЖМ қарасты Сейсмология институтының директоры Дәулет Сәрсенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің институттың базасында тұрақты болжам жасайтын комиссия бар. Оның қорытындысы бойынша, осы жылдың соңына дейін Алматы қаласының аумағында қуатты жер сілкіністері күтілмейді», - деді Дәулет Сәрсенбаев.

Оның айтуынша, дамыған елдердің өзінде де жер сілкінісінің нақты болатын немесе болмайтынын айта алмайды.

«Ғалымдар күн сайын сейсмологиялық станциялардан мәліметтер жинап, болжамды анықтау үшін 200-ден астам параметрді өңдейді. Дегенмен біздің сарапшылар қалада 0,7 ықтималдылық бойынша күшті жер сілкінісі болмайды деп сенімді түрде айтуда. Қазір қала тұрғындарын күшті жер сілкінісі туралы ерте хабарлау жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай 2025 жылға дейін ерте хабарлау жүйесі мен Дәрмен мобильді қосымшасын біріктіре отырып, 28 ерте хабарлау жүйесінің станциясын орнату жоспарлануда», - деді Д.Сәрсенбаев.

Еске салайық, Алматыда 2 желтоқсан күні жалпықалалық сейсможаттығу өтеді.


Соңғы жаңалықтар