Алматыда жыл соңына дейін 8 коммуналды меншік нысаны жекешелендірілетін болады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жыл соңына дейін 8 коммуналды меншік нысаны жекешелендірілетін болады. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Сәуле Абдуллина айтты.

Алматыда коммуналды меншік нысандарын жекешелендіру бағдарламасын жүзеге асыру аясында жұмыстар жалғасуда.

Жыл басынан бері түскен өтінімдер санына сәйкес қалада 10 нысан бәссаудаға шығарылған. Олардың екеуі - «Almaty Trade Consultind» ЖШС, «Школа Архимеда» ЖШС тиімді артықшылықтары бар алушыға сатылды.

Қалған 8 нысан жыл соңына дейін жекеменшікке өткізілетін болады.

«Бағдарлама басталғалы бері қалалық бюджеттік жоспарлау және экономика басқармасы, жекешелендіру мен мемлекеттік мүлік департаменті, әділет департаменті, «Нұр Отан» партиясы, қалалық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінен құралған арнайы комиссия 4 рет бас қосты. Отырыс барысында 5 коммуналды меншік нысанының, 5 коммуналды жылжымайтын мүліктің сатылымы қарастырылды», - деді Сәуле Абдуллина.

Маманның айтуынша, кәсіпкерлер палатасының мамандарының комиссия құрамында жұмыс істеуі процестің ашықтығын сақтауға көмектеседі.

«Біздің сарапшылардың міндеті саудаға шығарылған нысанның бұрынғы арендаторы, қаржылық ахуалы туралы ақпаратты қолжетімді, ашық ету. Нысанды обьективті бағалауға тәуелсіз бағалаушылар шақырылып, оған қоса нарықтық құны ескеріледі. Бұл барлық тараптың мүддесі қорғауға көмектеседі», - деді сарапшы.

Соңғы жаңалықтар