Алматыда жыл соңына дейін 71 жаңа тұрғын үй пайдалануға беріледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жыл соңына дейін аумағы 209,7 мың шаршы метр болатын 71 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін қала басшысы Ахметжан Есімов әкімдікте өткен жиналыста айтып өтті.

Жиында қалалық басқарма басшылары шаһардың соңғы 6 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Қалалық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысы Сардар Қабдоловтың айтуынша, алғашқы жартыжылдықта тұрғын үй құрылысы көлемінің артуы байқалған. «Барлық қаржыландыру көздерінен 514,7 мың шаршы метр тұрғын үй берілген. Ол өткен жылдағы осы кезеңмен салыстырғанда 7,3 % артық. Шоғырландырылған бюджетке 581,6 млрд. теңге салық және өзге де міндетті төлемдер жиналды», - деді ол. Басқарма басшысының айтуынша, аймақтық ішкі өнім көлемі 1 397,4 млрд. теңгеге жетіп, 7,9 % өсімді құрады. Жыл басынан бері 276,7 млрд.теңге көлемінде өнеркәсіптік өнімдер өндіріліп, негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 191,4 млрд. теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,6% артық. Қалалық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Нина Пичугинаның айтуынша, алғашқы жартыжылдықтағы бюджеттің шығыс бөлігі 99,3 %-ға орындалып, 173 млрд. 844 млн. теңгені құрады. Қала басшысы шаһардың экономикалық-әлеуметтік салаларында даму көрсеткіштері байқалатындығын жеткізді. Ахметжан Есімов тиісті органдарға жыл соңына дейін аумағы 209,7 мың шаршы метр болатын 71 тұрғын үйді, «Сайран» және «Мәскеу» метростансаларын, 3 айналма жолды пайдалануға беру туралы тапсырма берді. Сондай-ақ Наурызбай ауданының даму жоспарын құрып, қажетті әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды - жол, мектеп, емхана, балабақша салуды тездетуді ескертті.

Соңғы жаңалықтар