Алматыда жыл соңына дейін 10 постамат орнатылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтар жақын арада пошталық сәлемдемелерін арнайы автоматтандырылған постаматтардан алатын болады. Биыл қалада осындай 10 аппарат орнатылмақ. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Алматы поштасының директоры Бекжігіт Бекбердиев айтты.

«Жалпы Қазақстан бойынша 18 аппарат, соның ішінде 10 техника Алматыда орнатылады. Бұл жаңа технология жылдың соңына дейін Алматыдағы пошта бөлімдері мен сауда орындарында орналастырылатын болады. Алматы поштасының орталық ғимаратында екеуін орнатуды жоспарлап отырмыз. Қазір Алматы-1 теміржолымен, Алматы әуежайымен келіссөздер жүргізіліп жатыр», - деді Бекжігіт Бекбердиев.

Сондай-ақ, директордың айтуынша, биыл Әуезов-Жандосов көшелерінің қиылысында заманауи талаптарға сай жаңғыртылған жаңа пошта бөлімшесі ашылады. Осы мақсатта қазір бюджеттен қаржы да бөлінген. Жаңа технология осы бөлімшеден де орын тебетін болады.

Пошта байланысы өкілдерінің айтуынша, тәулік бойы жұмыс істейтін автоматтандырылған жүйе курьердің қызметін алмастырады. Абоненттер кез келген уақытта өзінің сәлемдемесін алып кетіп, болмаса жібере алады. Бұл жүйе, әсіресе, интернет-саудасын пайдаланатын адамдарға өте тиімді.

Айта кетейік, биыл сәуірде «Қазпошта» АҚ «Постамат» бағдарламасын іске қосқан болатын. Жыл соңына дейін пошта байланысының автоматтандырылған жүйесі Алматы, Астана, Қарағанды қалаларында орнатылады.

Соңғы жаңалықтар