Алматыда жыл сайын ауданы 1 млн. шаршы метрден асатын тұрғын үй берілуде

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жыл сайын көлемі 1 млн. астам шаршы метрден асатын тұрғын үй пайдалануға берілуде. Бұл туралы қалалық Сәулет және құрылыс басқармасының басшысы Ғабит Садырбаев айтты.

«Соңғы 3 жылда жыл сайын жалпы ауданы 1 млн шаршы метрден асатын тұрғын үй пайдалануға берілуде. Айталық, 2014 жылы жалпы ауданы 1330 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл сайын үй беру 7-8 пайызға артып келеді. 2015 жылы экономикалық мүмкіндіктерімізді ескере отырып, жалпы ауданы 1100 мың шаршы метр болатын баспананы халыққа беруді жоспарлап отырмыз», - деді Ғабит Садырбаев.

Мамандардың айтуынша, жалпы 2020 жылға дейін Алматыда 7200 отбасы жаңа үйге көшіріліп, 25 мың жаңа пәтер пайдалануға беріледі.

Қала халқын баспанамен қамту 6 бағдарлама бойынша жүзеге асуда. Ең алдымен кезекте тұрғандар қамтылады. Сосын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» желісімен, ҚИК бойынша, «Ескі үй», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша, «Самұрық-Қазына жылжымайтын мүлік қоры» АҚ бағдарламасы бойынша беріледі.

Ғабит Садырбаев Алматыда салынатын баспананың 8-12 пайызы жаңа пәтерге көшіру, 10 пайызы - жоғарыда келтірілген бағдарламалар бойынша, 80 пайызы коммуналдық баспана ретінде сатылатындығын атап өтті.

«Қаланың экономикалық мүмкіндігі аясында жұмыс жасайтын боламыз. Республикалық бюджеттен қандай сома алатындығымыз белгісіз. Қазір ҚР Инвестициялар және даму министрлігімен қоян-қолтық жұмыс жасап жатырмыз», - деді Ғ.Садырбаев.

Соңғы жаңалықтар