Алматыда «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпаздарына пәтер мен көлік кілті тапсырылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар мен ақшалай гранттар тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы телеарнасының тікелей эфирінде көрсетілген шараға педагог ардагерлер, мұғалімдер және білім ұйымдарының басшылары қатысты.

Мерекелік рәсім барысында «Алматының жыл мұғалімі» және «Алматы қаласы әкімінің арнайы гранты» қалалық байқауларының, сонымен қатар «Үздік педагог» республикалық байқауы қалалық турының жеңімпаздары марапатталды.

«Алматының жыл мұғалімі» және «Алматы қаласы әкімінің арнайы гранты» қалалық байқаулары Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасы бойынша былтыр алғаш рет ұйымдастырылған еді.

«Жыл мұғалімі» қалалық байқауының Гран-при жүлдегері №133 мектептің оқытушысы Мақпал Шүкееваға 2 бөлмелі пәтердің кілті, ал 1-орынды жеңіп алған №140 мектеп-гимназияның оқытушысы Дәурен Сағынғалиевке көлік кілті тапсырылды.


Қалған жеңімпаздарға ақшалай жүлделер мен гранттар берілді. Бірқатар мұғалім Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатын алды.

Қаланың педагогикалық қауымдастығын құттықтаған Алматы әкімі ұстаздардың ең мәртебелі миссия – өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім беретіндерін атап өтті.

«Мұғалімдерге зор жауапкершілік жүктеліп отыр, өйткені болашақта елімізде қандай ұрпақтың өмір сүріп, еңбек ететіні ұстаздарға тікелей байланысты», - деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.


Қала әкімі білім жүйесін дамыту шаралары, білім берудің жаңа мекемелерін салу, жас мамандарға қолдау көрсету туралы да айтып өтті. Мысалы, биыл қала мектептерінде өздерінің еңбек жолдарын бастаған жас мұғалімдерге материалдық көмек ретінде бірреттік төлем беру практикасы жалғасатын болады. Қазан айында жалпы сомасы 27 млн теңгеден асатын төлемді 549 жас мұғалім алды.

Айта кетерлігі, қала мұғалімдерінің тұрғын үй жағдайын жақсарту мәселесіне айрықша назар аударылады. Бүгінгі күні жеңілдетілген несие беретін «Алматы жастары 3.0» қалалық бағдарлама аясында 187 жас мұғалім баспаналы болды.

Алматының білім жүйесінде 32 мыңнан астам педагог бар, олардың 500-ден астамы - биыл өздерінің алғашқы еңбек жолдарын бастаған жас мамандар


Соңғы жаңалықтар