Алматыда жыл басынан бері 42 мыңнан астам бала жарақат алды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Жаз мезгілінде балалар арасында жарақат алу оқиғалары жиілейді. Бұл туралы Алматы қаласы «Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы» қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мейіржан Құрманалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтуынша, жыл басынан бері Алматы дәрігерлеріне 42 069 бала жүгінген. Көбіне төменгі сынып оқушылары жиі жарақат алады. Балалар самокаттан, велосипедтен, әткеншектен құлап қалып жатады.

«Жарақатты үйде де алып жатады, 44%-ында тұрмыстық жарақат жағдайлары. Ал, көшеде балалардың 35%-ы жарақаттанады», - деді Мейіржан Құрманалиев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің сөзінше, көшеде жарақаттану көп жағдайда балалардың жол қозғалысы ережелерін сақтамауына байланысты болады.

«Бұл жерде де ата-аналардың рөлі маңызды. Олар балалармен сөйлесіп, қарапайым қауіпсіздік ережелерін түсіндірулері керек. Демалыс кезінде бала күннің көп бөлігін таза ауада өткізеді. Сол себепті, оған міндетті түрде көшеде қауіпсіз жүру ережелерін үйреткен жөн. Ойын кезінде кішкентай балаларды қараусыз қалдырмаған дұрыс. Қаламызда жылдам қарқынмен дамып жатқан балалар алаңдары, демалыс аймақтары көп. Өкінішке қарай, көптеген ата-аналар осыған мән бермейді. Қабылданған қауіпсіздік шараларына қарамай, балалар ата-аналарының жауапсыздығынан көптеген жарақаттармен түсіп жатады», - дейді дәрігер.

Сонымен қатар, ол балаларға қиын жағдайға тап болғанда, ата-анасына ғана емес, жедел қызметтерге де қоңырау шала алатындарын айтып, түсіндіру керек екенін тілге тиек етті.


Соңғы жаңалықтар