Алматыда жыл басынан бері 2 бала жол апатынан қаза тапқан

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2022 жылдың басынан бері мегаполисте жол апатынан 208 бала зардап шегіп, екі бала қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Болатбек Баятанов мәлімдеді.

«Жыл басынан бері балалардың қатысуымен 188 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан екі бала қаза тауып, 208 бала жараланды»,-деді ол.

Спикердің сөзінше, Алматыда «Назар аударыңыз! Балалар!» жедел алдын алу шарасы өткен.

«Аталған науқан аясында қаланың бүкіл білім мекемелерінде жол қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі тексерілді. Қажетті жерлерде жол белгілері, жылдамдық шектегіштер, реттелетін бағдаршамдар орнатылып, жол белгілері жаңартылып жатыр. Сонымен қатар, оқу орындарында оқытушылар ұжымымен, ата-аналармен, оқушылармен профилактикалық әңгімеле жүргізілуде. Қоғамдық көлікте, кинотеатрларда балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу бойынша бейнероликтер көрсеттік», - деді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Болатбек Баятанов.

Сонымен қатар, ол жазғы демалыс қарсаңында балаларды демалыс орындарына тасымалдайтын көліктерге техникалық тексеру жүргізілетінін тілге тиек етті.

Сондай-ақ ішінде балалар бар, автобустардың әрқайсысына патрульдік полиция экипаждары ілесіп жүретін болады.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ата-аналар мен балаларды жазғы демалыс кезінде жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамын, бұл - олардың жеке қауіпсіздігінің кепілі», - деді спикер.


Соңғы жаңалықтар