Алматыда жүргізуші куәлігінде тиісті санаты жоқ адамдар автобус жүргізіп келген

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Қауіпсіз жол» айлығыбарысында жолаушылар тасымалымен айналысуға құқығы жоқ екі жүргізуші ұсталды. Бұл туралы Алматы қаласының әкімшілік полициясынан мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Дәулет Сейітқұловтың мәліметінше, құқық бұзушыларды Түрксіб және Жетісу аудандық Полиция басқармалары әкімшілік тәжірибе бөлімшелерінің қызметкерлері анықтап, жолаушылар тасымалынан шығарды.

«Құжаттарды тексеру барысында жүргізуші куәліктерінде қоғамдық көлікті айдауға рұқсат беретін санат болмаған. Бұл әрекеттер адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін бақылаусыздық, іс жүзінде немқұрайлылық танытқан жүргізушілердің де, автокәсіпорын басшыларының да кінәсі деп бағаланады. Тәртіп бұзушыларға шара қолданылды», – деді ол.

Сондай-ақ, ол «Қауіпсіз жол» айлығы аясында жолдарда, жол құрылыстарындағы кемшіліктерді жою туралы 55 ұйғарым шығарылғанын айтты.

Яғни, жолдардың қанағаттанарлықсыз жай-күйі үшін бес лауазымды тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 630-бабы, 631-бабы мен 632-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ, апаттық жағдай аймақтарында 233 жол белгісі орнатылғаны хабарланды.



Соңғы жаңалықтар