Алматыда жүрек ақауымен туған 6 сәбиге кореялық хирургтер ота жасады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда күрделі жүрек ақауымен туған 6 сәбиге кореялық хирургтер сәтті ота жасады. Бұл туралы бүгін А.Сызғанов атындағы Ұлттық Ғылыми хирургия Орталығының кардиохирургтері хабарлады.

«Бүгінде Оңтүстік Кореялық әріптестерімізбен 6 балаға сәтті ота жасалды. Алтыншы балаға екінші мәрте жасалып жатыр. Өйткені, ол бала өте күрделі жүрек ақауымен туылған. Оның жүрегінде 1 ғана қарынша бар, ал қалыпты анатомия бойынша 2 қарынша болуы керек», - деді А.Сызғанов атындағы Ұлттық Ғылыми хирургия Орталығының кардиохирургі Нұржан Досмайылов. А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында мамырдың 28-31-і аралығында Оңтүстік Кореядан келген «Самсунг» медициналық орталығының хирургтері шеберлік сыныбын өткізіп, күрделі жүрек ақауларын оперативті емдеу жөніндегі тәжірибесімен бөлісті. Халықаралық «Жүректен - жүрекке» жобасының аясында жүзеге асырылған шара Халықаралық балаларды қорғау күніне арналды. Төрт күнге созылатын шеберлік сыныбына Қазақстанның өзге өңірлерінен 40-қа жуық кардиохирург келді. Олардың жол шығынын, Алматыда тұруын кәріс компаниясы қаржыландырды. Ал ота жасауға кеткен шығынды Қазақстан тарабы мойнына алды. «Соңғы 3 жылда 150-ге жуық жоғары білікті мамандар даярланды. Олардың жартысы - жұмыс істеп отырған практик хирургтер. Бұл Қазақстандағы ана мен бала өлімінің көрсеткішін төмендетуге тікелей септігін тигізуде», - деді А.Сызғанов атындағы Ұлттық Ғылыми хирургия Орталығы бас директорының стратегиялық даму бойынша орынбасары Сәбит Пазылов. Өз кезегінде Оңтүстік Кореялық маман Т.Джун қазақстандық дәрігерлердің біліктілігін жоғары бағалап, одан әрі серіктестікке ынталы екендігін жеткізді. «Біз жақында қазақстандық кардиохиругтердің тобын Оңтүстік Кореяға семинарлар мен шеберлік сыныптарын өткізуге жіберуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, жүрек ақауларын ерте кезден анықтау, сол арқылы балалар арасындағы өлім-жітімді азайту жолында ауқымды жұмыс жасап жатырмыз», - деді А.Сызғанов атындағы Ұлттық Ғылыми хирургия Орталығы бас директорының ғылыми-клиникалық мәселелер бойынша орынбасары Ұлықбек Медеубеков.

Соңғы жаңалықтар