Алматыда жүрек ақауымен туған 10 сәбиге кәріс хирургтері ота жасамақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда күрделі жүрек ақауымен туған 10 сәбиге кәріс хирургтері ота жасайды. Шара халықаралық «Жүректен - жүрекке» жобасының аясында жүзеге асырылуда.

А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында мамырдың 28-31-і аралығында Оңтүстік Кореядан келетін «Самсунг» медициналық орталығының хирургтері шеберлік сыныбын өткізіп, күрделі жүрек ақауларын оперативті емдеу жөніндегі тәжірибесімен бөліседі. «Қазіргі таңда елімізде 16 млн. адамға шаққанда 3 мыңға жуық нәресте күрделі жүрек ақауымен туылады. Олардың 80 пайызы отаға мұқтаж болып отыр. Қолқа тамырының транспозициясы, ашық сопақ өзекше сияқты күрделі жүрек ақауымен туған нәрестелерге Алматы аймағы бойынша тек перинаталды орталықта ғана оперативті көмек көрсетіледі. Ал мұнымен барлық науқастарды қамту мүмкін емес. Сондықтан біз кәріс хирургтарының қатысуымен өтетін шеберлік сыныбына өзге өңірлерден кардиохирургтарды шақырдық», - деді А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының кардиохирургы Арман Туғамбаев. Төрт күнге созылатын шеберлік сыныбына Қазақстанның өзге өңірлерінен 6 кардиохирург келеді деп күтілуде. Олардың жол шығынын, Алматыда тұруын кәріс компаниясы қаржыландырып отыр. Ал ота жасауға кеткен шығынды Қазақстан тарабы мойнына алмақ. «Мұндай шараны ұйымдастырудағы басты мақсат екі ел дәрігерлерінің медицина саласындағы озық жетістіктері мен инновациялық тәсілдерін бөлісіп, өзара тәжірибе алмасуы болып табылады. 4 күн ішінде 10-15 балаға көмек көрсетуді жоспарлап отырмыз», - деп қорытындылады А.Туғамбаев.

Соңғы жаңалықтар