Алматыда жүрдек автобустар желісі салынады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жүрдек автобустар желісі - БРТ (Bus Rapid Train) салынады. Жаңа жүйеге дайындық ретінде қала құрылысында өзгерістер жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жүрдек автобустардың жүйесін салу туралы мәселе 2013 жылы көтерілген болатын. БРТ құрылысын «Алматының тұрақты көлігі» БҰҰ даму бағдарламасы, Ғаламдық экологиялық қоры ұсынған болатын. 

«Қазір Байтұрсынов, Тимирязев, Жандосов көшелері толығымен қайта жасалып жатыр. Жөндеу жұмыстары біткен соң аталған көшелерде БРТ желісі жүреді. Басты мақсат - адамдарға ыңғайлы көлік инфрақұрылымын жасау. Байтұрсынов көшесі шамалы тарылады. Осылайша жеке көліктерге ыңғайсыздық туады. Біз Еуропа тәжірибесімен жасап отырмыз. Байтұрсынов көшесін кеңітетін болсақ, мыңдаған ағаш оталатын еді. Біз керісінше ол жерде веложүргіншілерге жағдай жасап жатырмыз. Бұл көше жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болады», - деді қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмасхан Ахмеджанов.

Жүргізілген талдаулардың нәтижесінде Алматы қаласының көлік жүйесі агломерациясының негізгі мәселесі қалалық және қала шетіндегі жүрдек жолаушы көлігінің (LRT, BRT, қала шетіндегі электричкалар) заманауи жүйелерінің жоқтығы анықталған. Қала маңындағы бағыттарда жолаушылар тасымалдаудың бар қажеттіліктерін қанағаттандыратын автомобиль көлігінің баламасы жоқ.

БРТ жүргізу - Алматының 2020 жылға дейін даму бағдарламасының бір бағыты болып отыр.

Аталған бағдарлама 2015 жылы қабылданған болатын. Құжатта Алматының экономикалық, экологиялық, әлеуметтік дамуы жан-жақты қарастырылған.

Бағдарламаға сәйкес Қала бойынша қозғалыстың орташа жылдамдығы 2020 жылы 19 км/сағаттан 25 км/сағатқа дейін артуы тиіс.

Осы мәселенің оң шешімі ретінде қала әкімдігі БҰҰДБ-мен бірге әзірленген Алматы қаласының көлік Стратегиясын жүзеге асыра бастады.  

Ондағы басты мақсат - қаладағы жаяу жүргіншілерге жағдай жасап, көлік жүктемесін азайту.

Жобаға сәйкес БРТ жүрдек автобустарының жылдамдығы сағатына 21 км болмақ.Салыстырмалы түрде айтсақ, қазір қоғамдық көліктердің орташа жылдамдығы сағатына 13 км.

Жоба менеджері Елена Ерзаковичтің айтуынша, кептелісті азайту мақсатында БРТ жолдары жолдың ортасында, ал Құлжа және Шығыс айналма жолында жолдың шетінде орналасатын болады.

«Панфилов, Жібек жолы, Қабанбай батыр, Гоголь көшелеріндегі жаяу жүргінші аймақтары жүйелі түрде өзгерістерге көшудің бастамасы болады. Осы көшелерден адамдар кез-келген жерге бара алатын болады», - деді Алмасхан Ахмеджанов.

БРТ желісінде 2 секциялы 18 метрлік жүрдек автобустар пайдаланылады. Алғашқы бағдар 8,5 шақырымдық бағыт Орбита ауданынан Жандосов, Тимирязев, Байтұрсынов көшелерімен қаланың орталығына дейін жетеді.  

Соңғы жаңалықтар