Алматыда жұмыссыздарды жаңа кәсіптерге тегін оқытады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2 мыңнан аса Алматы тұрғыны қаланың ірі компаниялары мен университеттерінде арнайы бір салаға негізделген оқу орталықтарында тегін оқытылады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Жұмыссыздар, өзін өзі жұмыспен қамтушылар, сонымен бірге 16 мен 29 жас аралығындағы жастар 2019 жылдың ақпан айынан бастап «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында қысқа мерзімді курстарда оқуды бастайды.

«Биыл біз оқу орталықтары мен мамандықтар таңдауда толықтай жаңа тәсілдер қолданатын боламыз. Біз нарықтағы ең үздік тасымалдаушылармен жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде оқу орталықтары таңдау сатысынан өтіп жатыр. Айта кету керек, бұл оқу орындары тәлімгерлікпен бірге дуальды оқуды пайдалануы тиіс. Сонымен қатар, заманауи материалдық-техникалық базасы, жұмысқа орналастырудың жоғары деңгейі болуы қажет», - деді Алматы қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Дәуірбек Абуов.

Жұмыспен қамту орталығы 30 шақты оқу орталығымен жұмыс істейтін болады. Олардың жартысы жекеменшік, ал қалғаны - мемлекеттік болмақ.
null

«Біз өңірлердің ерекшеліктерін ескеріп, ең қажетті мамандықтарды таңдай отырып, олардың тізімін арттырдық. Егер өткен жылы тізімде 32 кәсіп болса, биыл 48-ге көбейіп отыр. Ең қажетті мамандықтардың үштігіне кіретіндер - автобус жүргізушісі, бухгалтер және аспазшы. Толық жаңа бағыттардың бестігіне веб-дизайнер, туризм жөніндегі менеджер, бармен, бариста мен гүл өсіруші жатады. Оқыту 1 айдан 6 айға дейін жалғасады. Бұл ретте, бағдарламаның қатысушылары 16,7 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады. Бұдан басқа, курс аяқталғаннан кейін әрбір оқу орталығы өз студенттерін жұмысқа орналастыруға міндеттеледі», - деді Абуов.

Ең қажетті мамандықтарға кеңейтілген квота бар. Мысалы, автобус жүргізушісіне - 300 орын, ал тас қалаушыға - 40 орын бар.

«Біз «BI-Group» құрылыс компаниясына жұмысшылар дайындайтын, BI University корпоративтік университетімен серіктестік жасауды жоспарлап отырмыз. Серіктес Алматы қаласының Жұмыспен қамту орталығы үшін қысқа мерзімді курстар аясында бетоншы, тас қалаушы мен қалыпшы дайындайтын болады. Сонымен бірге, біз «Knauf-Гипс Қапшағай» ресурстық орталығымен жұмыс істейтін, Алматы құрылыс-техникалық колледжімен бірге әрекет етуге ниеттіміз. Knauf-Гипс Қапшағай - бұл әлемдегі ең ірі құрылыс материалдарын өндіруші халықаралық компания. Олар бізге сырлаушылар мен сылақшыларды дайындайды. Жалпы алғанда, біз өндірісте мамандардың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге және жұмыс берушілердің қажеттіліктерін қанағаттандыруға ниеттіміз», - деді спикер.

null

Соңғы жаңалықтар