Алматыда жүкті әйел полиция бекетінде босанып қала жаздады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматының жол-патрульдік полицейлері толғақ қысқан әйелге көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Алматы қалалық Ішкі істер департаментіне сілтеме жасап.

Оқиға бүгін, 8 қыркүйек күні Алматының Первомайская көшесіндегі полиция бекетінде болған.

«Бекет маңына «Нисан Альмера» көлігі тоқтап, оның жүргізушісі әйелі босанып жатқанын айтты. Олар Алматы облысындағы бір елді мекеннен қалаға келе жатыр екен. Жол үстінде жүкті әйелдің суы кетіп, толғағы басталған. Күйеуі жол үстінде «103» қызметіне хабарласа алмай, біздің бекетке тоқтапты. Әріптесім аға сержант Бақытжан Мырзатаев жедел жәрдем шақырып жатқанда, әйелдің жағдайын тексердім. Бала босану жолдарына жақындап қалған екен, әйелді босандырып алуға дайындалып жаттық», - деп баяндады Алматы ІІД Жергілікті полиция қызметі Жол-патрульдік жасағының инспекторы Айдын Майлыханов.

Полицейдің айтуынша, қысылтаяң сәтте қобалжуға да уақыт болмаған.

«Көмек сұрап келген әйелдің күйеуін жақын маңдағы жанармай құю бекетіне бес литрлік су әкелуге жұмсадым. Лажы болғанда дәрі салынған қорабымызда медициналық керек-жарақтың бәрі болды. Таза орамал таппаған соң, серіктесім Мырзатаев өз жейдесін шешіп, дайын тұрды. Жанымызда шұғыл әрекет ету жасағының жауынгері, полиция капитаны Мерей Атымтаев та болған еді. Сол сәтте жедел жәрдем қызметі де жетіп, әйелді №4 перзентханаға алып кетті. Перзентханаға жеткенше, жедел жәрдемге полиция көлігімен ілесіп бардық», - дейді А. Майлыханов.

Белгілі болғандай, 26 жастағы алматылық әйел аман-есен ұл баланы дүниеге әкелді. Бұл - жас ананың екінші сәбиі.

«Бейтаныс әйел мен жаңа туған сәбиге мықты денсаулық тілейміз. Демалыс күні әріптестерімізбен нәрестені көруге барамыз», - деді полиция қызметкері. 

null 

Соңғы жаңалықтар