Алматыда ЖРВИ-мен ауырғандардың 72 пайызы балалар

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жіті респираторлық вирустық инфекцияны (ЖРВИ) балалар көп жұқтырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, жыл басынан бергі 19 аптасында қалада ЖРВИ-дің 2 384 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткіштен 32,7%-ға төмен. Дегенмен, қалада ЖРВИ-мен ауыру 14 жасқа дейінгі балалар арасында көп тіркелді. Олардың үлес салмағы 72,0%-ды құрады.

«Өткен жылдың 1 қазанынан биылғы 11 мамырға дейін барлығы 192 890 ЖРВИ дерегі тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,6%-ға жоғары. Балалардың аурушаңдығы 59,2%-ды көрсетті. Сондай-ақ, ағымдағы эпидемиологиялық маусым басталғалы бері қалада А/H3N2 типті тұмау вирусы, басқа да ЖРВИ вирустары жүр. Мысалы, РС вирусы, аденовирус, риновирус және маусымдық коронавирус айналымда. Жалпы тұмаумен сырқаттанудың 51 жағдайы тіркеліп, барлық науқастар ем алды», - делінеді ведомство хабарламасында.

Осыған байланысты, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қала тұрғындарын ЖРВИ, тұмауға қарсы алдын алудың жалпы шараларын сақтауға шақырды.

«ЖРВИ-мен ауыратын науқастармен жанасудан аулақ болыңыз, егер сырқаттанған адаммен байланысқа түскен болсаңыз, онда маска киіп, оксолин майын қолданыңыз;

- ауруға шалдыққан жағдайда үйде болу, өзін-өзі емдеумен айналыспау, медицина қызметкерін шақырып, отбасы ортасында немесе ұжымда болған кезде маска кию, дәрігердің тағайындауы бойынша ем алу қажет;

- түшкіру және жөтел кезінде аузыңызды қолыңызбен, майлықпен, шарфпен жауып, қолыңызды мүмкіндігінше жиі жуыңыз;

- иммундық жүйені арттыру: С витаминін және дәрігердің ұсынысы бойынша басқа дәрі-дәрімектерді қолдану;

- қашықтықты сақтау, көп адам жиналған іс-шараларға қатысуды қысқарту, әсіресе ЖРВИ, тұмау ауруының көтерілуі кезеңінде, үй-жайларды ылғалды жинау жүргізумен желдету;

- ауру балаларды мектептерге, мектепке дейінгі балалар мекемелеріне жібермеу.

Осы қарапайым ережелерді сақтау тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алуға көмектеседі», - деп ескертті департаменттен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда тұмау мен ЖРВИ-ға шалдығу азайғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар