Алматыда жолды сапасыз жөндеген алты компания лицензиясынан айырылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда құрылыс жұмыстарының сапасына бақылау күшейтілді. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Төлебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпара тілшісі.

Оның айтуынша, мердігерлерді ғимараттар мен жолдарды салу барысында нормалар мен ережелерді бұзғаны үшін мемлекеттік лицензиядан айырады. Қазіргі уақытта қала аумағында 664 құрылыс нысаны бар, оның 202 бюджеттік, 462 коммерциялық.

Қала құрылысын бақылау басқармасының қызметкерлері жүргізген тексерулер барысында 1 112 бұзушылық анықталды, оның ішінде сапа мен технологияларды сақтамағандар, жобалық шешімдерден ауытқығандар саны - 208, жұмыс өндірісін сапасыз ұйымдастырғандар – 854 және заңсыз құрылыс жүргізгендер саны – 50.

«Кемшілік жібергендерге қатысты жалпы сомасы 207,8 млн теңгенің 1 078 хаттамасы толтырылды. Олқылықтардың орнын толтыруға 183 нұсқау берілді, ескертулерді жоймаған 103 нысан бойынша материалдар сотқа жіберілді», - деді Олжас Төлебаев.

Бұл ретте құрылыс сапасы бойынша анықталған бұзушылықтардың негізгі бөлігі бюджет есебінен салынып жатқан нысандарға тиесілі.

«Біз құрылыс өндірісін ұйымдастыруда олқылықтарды жиі анықтаймыз. Мысалы, қоршауларды, жаяу жүргінші тепкішектерін орнату, құрылыс материалдарын қоймаларға жинау, сондай-ақ нысанда атқарушы техникалық құжаттарды рәсімдеу кезінде, бетон жұмыстары технологиясы, қайта жабу, асфальтбетон жабынын төсеу, жобалық шешімдерді бұзу сияқты өрескел олқылықтардың бетін ашамыз», - деді басқарма өкілі.

Спикер 2021 жылы алты компания лицензиядан айырылғанын атап өтті.

«Жыл басынан бері алты компания лицензиясынан айырылды. Бұл негізінен асфальттың сапасының бұзылуына байланысты: асфальттың қалыңдығы талапқа сай емес, дұрыс толтырылмаған, жобадан бас тартылған. Тексеру жұмыстары жалғасатын болады. Тағы үш мердігерді лицензиясынан айыру үшін материалдар сотқа жіберілді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар