Алматыда жолдар мен метро құрылысына 50 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады

2022 жылғы 9 желтоқсан, 13:45
Алматыда жолдар мен метро құрылысына 50 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 2023 жылы жолдар мен метро салу жұмыстары жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келесі жылы метрополитен желісін батыс бағытқа қарай салу жалғасады, оған 12,1 млрд теңге бөлу көзделген. Бұл 2024 жылы қаланың батыс бөлігіндегі 50 мыңнан астам тұрғын үшін қосымша көлік байланысын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Төле би көшесін ұзартуға жалпы 11,7 млрд теңге бөлінді. Жұбанов көшесі де ұзартылады. Қазір құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр»,- деді Ерболат Досаев мәслихат сессиясында.
Бұдан басқа, 2 көлік жолайрығын аяқтау жоспарда. Атап айтар болсақ, Бұқтырма – Құлжа күре жолы, Саин – Мөңке би көшелері. Бұл жұмыстарға бюджеттен 6,2 млрд теңге қарастырылды.
«Келесі жылы жол инфрақұрылымына ерекше назар аударылып отыр. 200 км жолға орташа жөндеу жүргізіледі, 30 км тротуар мен 80 аялдама алаңы салынады. Ол үшін 20,8 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, келесі жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 89% жетеді», - деді ол.
Бұған дейін Төле би көшесін қала шекарасына дейін ұзартылатыны туралы жазған болатынбыз.


Ұқсас жаңалықтар
Теги:
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar