Алматыда жол талғамайтын көлік «Сергек» камераларын алдамақ болған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жол талғамайтын көліктің жүргізушісі «Сергек» камераларын алдамақ болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полицияның мәліметіше, 35 жастағы «Ниссан Патрол» автокөлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұза отырып, жазадан жалтару мақсатында көліктің алдыңғы нөмірін аударып жүрген.

«Сергек» автоматтандырылған жүйесіне мониторинг жүргізу кезінде алдыңғы нөмірді жасыру мақсатында нөмірді аударып отыратын арнайы механикалық жабдық орнатқан бұзушы анықталды. Бейнекамераларға жақындаған кезде жол талғамайтын көліктің жүргізушісі көлік құралын басқару пульті арқылы құрылғыға сигнал жіберіп, мемлекеттік нөмірді жасырып отырған. Ол өз көлігінің мемлекеттік нөмірін жасыру арқылы жол қозғалысы ережелерін бұзды. Демек ол жол қозғалысының басқа қатысушыларына қасақана қауіп төндірді. Құқық бұзушы ұсталып, әкімшілік заңнамаға сәйкес жауапкершлікке тартылды. Ол бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды, сондай-ақ оған 20 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге тура келеді», – деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жандос Мұраталиев.

Оның айтуынша, былтыр осыған ұқсас құқық бұзушылықтар үшін 3192 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік тіркеу белгісін жасыруға арналған әртүрлі қондырғылар мен жалған нөмірлерді орнату жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзу болып есептеледі.

«Жүргізушілерге қала ішінде орнатылған камералардың барлығы дұрыс жұмыс істеп тұрғанын және түрлі заң бұзушылықтарды тіркейтінін ескерткен жөн. Жол – қателіктерді кешірмейтінін әрдайым есте ұстау керек», – деді Жандос Мұраталиев.


Соңғы жаңалықтар