Алматыда жол ережесін бұзған мопед жүргізушілер әкімшілік жауапқа тартылады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда мопед жүргізушілер жол ережесін жиі бұзады. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің айтуынша, қаладағы мопед жүргізушілер үшін жол ережесі, дұрыс ойлау мен өзін-өзі сақтау инстинкті жоқ секілді.

«Олар автокөліктердің арасында ойланбастан түрлі маневрлар жасайды, апаттық жағдайлар туғызады, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетеді, жолдың қарама-қарсы бетіне шығып кетеді, жаяу жүргіншілер жолымен де жүре береді. Бір сөзбен айтқанда, әртүрлі жерде аяқасты пайда болып, дәл солай жоғалып кетеді. Алдын алу шаралары кеңінен жүргізілсе де, мопед жүргізушілер тарапынан жол ережесін бұзу оқиғалары азаймай тұр. Себебі, олардың көпшілігі жазасыз қаламыз деп ойлайды. Бірақ, бұл жалған сенім. Құқықбұзушылық анықталған жағдайда, полиция шара қолданатын болады. Жүргізушіні әкімшілік жауапқа тарта отырып, көлік құралын айыппұл тұрағына қояды», – деді Ержан Ұзабаев.

Ол сондай-ақ мопед жүргізушілерді жеке қауіпсіздігі үшін түнгі уақытта жүрген кезде киімдеріне немесе көлік құралдарына шағылыстыратын элементтердің болуы қажет екенін атап өтті.

Еске салайық, Алматыда жыл басынан бері мопед мінгендерге қатысты 199 жол апаты болып, салдарынан 198 адам зардап шегіп, бір адам қаза тапты. Өткен жылы 778 жол апаты болып, 836 адам зардап шегіп, 7 адам қайтыс болған.


Соңғы жаңалықтар