Алматыда жол азабын тартқан 11 мың тұрғыны бар ықшам ауданның мәселесі шешілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Хмельницкий, Майлин көшесінен «Жас қанат» ықшам ауданына дейін үңгілеу жұмыстары аяқталды. Бауыржан Байбек жұмысшыларға «Жас қанат» ықшам ауданына дейін салынған жаңа жол үшін алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімі жұмыс сапары барысында жедел дамып келе жатқан елді мекенді қамтитын көлік инфрақұрылымын қарап, күрделі экономикалық жағдайда мемлекеттің инфрақұрылымды дамытуға қаржы бөліп отырғанына ерекше назар аудартты.

Ұзындығы 1,1 шақырым болатын жаңа жол салу 2016 жылдың маусымында басталған. Жұмыс барысында 400-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды, мердігер компания қала бюджетіне 400 млн теңге салық төледі, ал елді мекен тұрғындары жаңа жолға ие болды. 

«Ел президенті айтқандай, қоғамның қозғаушы күші - еңбек, сондықтан «еңбек адамы» атану - үлкен құрмет. Сіздердің арқаларыңызда үй салынып, жол жасалды, өндіріс өркендеу үстінде. Бұл - қиындығы мен қаупі мол жұмыс, бірақ осы еңбек арқылы мемлекет дамып, өркен жаяды», - деді жұмысшыларға алғыс білдірген Бауыржан Байбек.

Жақын маңда орналасқан мектеп оқушылары да Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында жақсы сыйлық жасаған еңбекшілерге алғыс айтты. 

«Бұрын біз аяғымызға резеңке етік киіп, батпақ пен шалшық кешіп өтетін едік. Мектепке немесе емханаға бару үшін айналып жүретінбіз. Енді жол төселді, барлығына алғыс», - деді  балалар.

Айта кетейік, Хмельницкий көшесін үңгілеудің мәні зор. Өйткені, жол азабын тартқан «Жас қанат» ықшам ауданының 11 мыңға жуық тұрғыны енді еркін қатынай алады. Ықшам аудандағы екі көпір құрылысы аяқталып, төрт жолақты қозғалыс бөлігі пайда болды. Оның екі жағына арық жүйесі жасалды, жарық көздері орнатылды. Тротуарлар абаттандырылды, автобус қатынасы реттелді. Келер жылы «Жас қанат» ықшам ауданының көшелері жөнделеді.

Соңғы жаңалықтар