Алматыда жол апатынан жапа шеккен 3 бала жансақтау бөліміне түсті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда кеше жантүршігерлік жол апатынан жапа шеккен жолаушылардың жағдайы туралы дәрігерлер айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол апаты Қапшағай-Алматы бағытында, Белинский көшесінде болған еді.

Оқиға орнынан 8 адам, оның ішінде 4 бала ауруханаларға жеткізілді.

Балалардың барлығы «Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына» жеткізілді.

3 бала қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Бір балаға шұғыл түрде ота жасалды. Балалар ми шайқалуы, түрлі соққы, бас жарылуы диагнозымен келіп түсті.

Олардың жағдайын дәрігерлер орта дәрежеде деп бағалап отыр.

Жол апатынан жапа шеккен тағы 3 жолаушы №4 ауруханаға жеткізілген болатын.

Олардың біреуі жағдайы өте ауыр болғандықтан, жансақтау бөлімінде қарқынды терапия қабылдап жатыр.

Қалған екі жолаушы түрлі сынық-жарақаттармен арнайы бөлімдерге жатқызылды.

Соққыдан жарақат алған тағы бір пациент Орталық клиникалық ауруханада жатыр.

Айта кету керек, жол апаты кеше Алматы - Қапшағай жолында болған еді. Жол апатынан сегіз адам зардап шегіп, бір адам қаза болды.

Volkswagen жүргізушісінің сөзіне қарағанда, ол Белинский көшесімен Қапшағайға қарай бет алып келе жатқан. Оң жағынан үлкен жылдамдықпен Subaru жүйіткіп, өзге көліктерді басып озған. Кенеттен жапондық көліктің жүргізушісі рульге ие бола алмай қалып, жол үстінде айнала бастаған. Ол Volkswagen-ді соғып, кейін қарсы жолға шығып кетіп, Toyota Camry-мен түйіскен. Жол апаты салдарынан тоғыз адам: Subaru көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы, Toyota Camry-де болған үш ересек және төрт бала зардап шекті. Олардың барлығы жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді. Toyota Camry-дің жүргізушісі жедел жәрдем көлігінде көз жұмды.

Соңғы жаңалықтар