Алматыда жоқ пәтерді жалға беріп келген алаяқ ұсталды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жоқ пәтерлерді жалға берген 48 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатовтың мәліметінше, 48 жастағы ер адам 9 азаматты алдап үлгерген.

«А. есімді азамат Алматыда жоқ пәтерлерді жалға берген. Алаяқтық фактісі туралы шаһардың бірнеше тұрғыны полицияға хабарласқаннан кейін белгілі болды. Барлығының оқиғасы бірдей. Пәтер жалдауға тырысқан олар танымал интернет-сервистен хабарландыруларды іздеп тауып, нарықтағы бағадан төмен баға ұсынған адамға телефон соғады. «Үй иесі» клиенттердің көптігін алға тартып, пәтерді бірінші болып ақша төлеген адамға беретінін айтып алдап соққан. Күдікті ақшаны алғаннан кейін бірден байланысқа шығуын тоқтатып, ұялы телефон нөмірін ауыстырып отырған», – дейді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.

Оның айтуынша, Алмалы аудандық полиция басқармасында алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Іс жүргізу барысында оның осыған ұқсас 9 эпизодқа қатысы бар екендігі анықталды. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 530 мың теңге.

«Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қосымша тергеу жүргізілуде», – деді Қуатбек Науатов.

Бұған дейін Қазақстан риэлторлар қауымдастығының маманы пәтер жалдағанда алаяқтарға ұрынбаудың бірнеше жолы бар екенін айтқан болатын .


Соңғы жаңалықтар