Алматыда жоғалған қызды іздестіруге 50 полиция қызметкері жұмылдырылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда тауда жоғалған турист қызды іздестірумен енді полиция айналысып жатыр. Іздестіру жұмыстарына 50 полиция қызметкері жұмылдырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

26 жастағы Панарғалиева Әселді іздестіру туралы іс Бостандық аудандық полиция басқармасында қозғалды.

«Қыздың туыстары полицияға хабарласқан уақытта бірден іс қозғалды. Дереу жедел тергеу тобы құрылды. Іздестіру жұмыстарына 50 полиция қызметкері тартылды. Жоғалған қыз қалада болуы мүмкін. Енді іздеу шаралары қаланың ішіне ауыстырылды. Таулы аймақта іздестіру шараларын ҚР ІІМ ТЖК Республикалық жедел құтқару жасағы жүргізген болатын», - деді Бостандық аудандық полиция басқармасының басшысы Дәурен Өтебаев.

Қазір құқық қорғау органдары қыздың араласатын ортасын тексеріп жатыр.

9 қарашада 13:00 шамасында Әсел Панарғалиева Үлкен Алматы көлінде түскен фотосын әлеуметтік желіге қойған. Одан кейін байланысқа шықпаған.

Хабарламадан соң құтқару жасағы ауа райының қолайсыздығына, түк көрінбейтін қараңғылыққа қарамастан түнімен таудан іздестіріп шықты.

Іздестіру шараларына, сонымен қатар, 11 адамнан тұратын кинологиялық құрам жұмылдырылды.

Бүгін Республикалық жедел құтқару жасағы таудағы іздестіру жұмыстарын тоқтатты.

Соңғы жаңалықтар