Алматыда жіті ішек инфекциясымен 14 жасқа дейінгі балалар көп ауырады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жіті ішек инфекциясымен ауырғандар саны өткен жылмен салыстырғанда азайған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, биылғы 11 айда Алматыда 100 мың тұрғынға шаққанда ЖІИ сырқаттанушылық көрсеткіші 14,63-ті құрады. Сондай-ақ 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 30,92 %-ға төмендеген.

«14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы - 78,3 %. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есе төмен. Әлеуметтік-кәсіби топтар бойынша ЖІИ-ды ең көп жұқтырғандар - балалар (73,2 %)», - делінеді ведомство хабарламасында.

Бұдан бөлек, ЖІИ-ді жұқтырғандар арасында 2 жасқа дейінгі балалар жиі кездеседі. Олардың үлесі - 64,2 %. Бұған себеп - аналардың жеке гигиенаны сақтамауы, дайындау технологиясы мен сақтау ережелерін бұза отырып, үйде дайындалған өнімдерді, жуылмаған көкөністер мен жемістерді пайдалануы болды.

«Жіті ішек инфекциясы (ЖІИ) - фекальді-оральды механизммен берілетін, жүрек айнуымен, құсумен, іштің өтуімен, дене қызуының көтерілуімен сипатталатын инфекциялар тобы. Инфекция көбінесе залалданған тамақ өнімдері мен олардан дайындалған тағамдар, жартылай фабрикаттар, су, сондай-ақ көкөністер мен жемістер арқылы түседі. Жіті ішек инфекциясының белгілері пайда болған жағдайда өзін-өзі емдеуге болмайды, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну керек», - деп ескертті Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде.

Соңғы жаңалықтар