Алматыда жерге көмілген қару-жарақ пен оқ-дәрілер табылды

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының Медеу ауданында көмілген қару-жарақтар табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық полиция департаментінен хабарлағандай, Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне қару-жарақ жасырылған орын белгілі болды.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлерімен бірлескен жедел тексеріс барысында, Сахариев көшесінің маңында жыраға қарай түсерде, ағаштардың арасынан ақ қапшыққа салынған қару-жарақ пен оқ-дәрілер табылды.

Полиция қызметкерлері 12 калибрлі тегіс ұңғылы 2 мылтық, 12 калибрлі тегіс ұңғылы «Макаров» тапаншасы, «Форт 17Т» маркалы травматикалық тапанша, РГД – 5 гранаталары, 13 дана 12 калибрлі патрондар, 9 мм патрондар – 15 дана, қуаттандырғышы бар «Kirisun» рациясын тәркіледі.

«Барлық тәркіленген заттар сараптамаға жіберілді. Аталған дерек Медеу аудандық полиция басқармасында ҚР Қылмыстық кодексінің 287- бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді. Барлық тергеу әрекеттері жүргізілген соң, арсеналдың кімдікі және қайдан шыққаны белгілі болады»,- деп хабарлады полицияда.


Соңғы жаңалықтар