Алматыда жер сілкінісіне осал ғимараттар картасы жасалады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы билігі көпқабатты үйлерді тексеріп шықты. Тексеру нәтижесінде жер сілкінісіне осал ғимараттар картасы жасалатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келер жылы жер сілкінісіне осал ғимараттар картасы жасалады. Бұл картада қандай ғимараттарда қауіп-қатер бар екені көрсетіледі. Біз 2001 жылдан бері салынған ғимараттарды паспортизациядан өткіздік. Оған екі жыл уақыт кетті. Оның алдында салынған ғимараттарды тексермедік. Себебі, тексерудің қажеттілігі жоқ», - деді брифинг барысында қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов.

Оның айтуынша, ескі ғимараттар қаладағы барлық ғимарат қорының 85%-ын алып отыр.

«Бізде Кеңес одағы кезінде 1969-1970 жылдары тұрғызылған үйлер өте көп. Бұл үйлердің барлығы жер сілкінісіне төзімді екенін мойындау керек. Бірақ кейбір ғимараттар қазіргі нормативтерге сай еместігі дәлелденді. Олар міндетті түрде қайта жөндеуден өткізіледі», - деді ол.

Басқарма басшысы ғимараттар туралы мәлімет 2020 жылы жарияланатынын айтты.

«Адамдар қандай үйде тұрып жатқанын түсінуі керек. Көптеген тұрғындар үйінің ішін өз қалауынша өзгерткен. Кейбіреулер негізгі тіреу қабырғаны алып тастаған. Бұл өте қауіпті. Мұны ешкім тексермей келген. 2 жылда біз ғимараттардың барлығының паспорттық мәліметін жасадық», - деді Алмасхан Ахмеджанов.

Соңғы жаңалықтар