Алматыда ЖЭО-2 газға ауыстырудың жол картасы жасалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда ЖЭО-2-ні газға ауыстыру бойынша арнайы жол картасы жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық жасыл экономика басқармасы мегаполистегі экологиялық мәселені шешу мақсатында кешенді шаралар қабылдауда.

«ЭКОСЕРВИС-С» сарапшылары жүргізген зерттеуге сәйкес, 2018 жылы тұрақты көздерден ауаға шығарылған зиянды заттар көлемі 34% немесе 43 мың тоннаны құрады. Соның ішінде ЖЭО -1, ЖЭО -2 бар.

«Бүгінгі таңда ЖЭО-1 толықтай газбен жабдықталған. ЖЭО-2 газға көшіру үшін «Алматы ЖЭО-2 модернизациясы» жобасының жол картасы жасалды. 2019 жылдың 15 қарашасында «Алматы электр стансалары» АҚ техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу туралы «ҚазНИПИ Энергопром» АҚ-мен келісімге қол қойды. Енді ЖЭО модернизациялау туралы шешім қабылданады», - деп хабарлады Алматы қалалық жасыл экономика басқармасының өкілдері.

Сонымен бірге, қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуді бақылау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алматыдағы қоршаған ортаның жай-күйін автоматты түрде бақылайтын газаналитикалық стансалар орнату жоспарланған.

Жүргізілген статистикаға сәйкес, ластану көздерінің бірі автокөліктер. Олардың зиянды шығарындысы шамамен 65%.

Алматыда 517 мыңнан астам көлік тіркелген. Оның сыртында күн сайын қалаға 250 мыңға жуық көлік кіреді. Сондықтан да қала атмосферасындағы шығарынды деңгейі жоғары.

Сонымен қатар, қала бойынша газға қосылмаған 3149 тұрғын үйдің шығарындысы 1 пайыз көлемінде.


Соңғы жаңалықтар