Алматыда жеңіл атлетикадан чемпионат өтеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жеңіл атлетикадан чемпионат өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР жеңіл атлетика Федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Спорт додасы 12-14 маусым аралығында өтеді.

Спортшылар Қазақстан біріншілігінде Бхубанешварда (Үндістан) өтетін Азия чемпионаты (6-9 шілде) мен Лондондағы әлем чемпионатының (4- 13 тамыз) нормативін орындайды.

Жарыс жүгірудің барлық бағдармалары бойынша өтеді. 100 және 200 метрге жүгіретін спринтерлерден бастап, 5 000, 10 000 метрге жүгіретін стайерлерге дейін сайысқа түседі. Сондай-ақ кедергілер арқылы жүгіру, спорттық жүріс, көпсайыс (жетісайыс, онсайыс), секірудің барлық түрі (ұзындыққа секіру, биіктікке секіру, үш қарғып секіру, сырықпен секіру) және диск, найза, балға лақтыру мен ядро серпу жарыс бағдарламасына енгізілген.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Григорий Егоровтың айтуынша, чемпионатқа еліміздегі барлық атлеттер, халықаралық жарыстардан жүлделі оралып жүрген бетке ұстар атлеттер де қатысады.

Сондықтан 12-14 маусымда Орталық стадионда Бүкіләлемдік Универсиада, Азия ойындары, құрлық біріншіліктері мен Азия Гран-приінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері өнер көрсетеді. Олардың арасында Роман Валиев, Евгений Эктов, Георгий Шейко, Тахиржан Қадырқұлов, Ольга Сафронова, Виктория Зябкина, Элина Михина, Әйгерим Шыназбековалар бар.

«Көрермендер стадионға тегін кіре алады. Медальдардың көпшілігі 12-13 маусым күні сарапқа салынады. Чемпионат Астана уақыты бойынша 16:00-де басталады», - деді баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар