Алматыда Желтоқсан оқиғасына арналған кездесу өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында Желтоқсан көтерілісіне 35 жыл, Қайрат Рысқұлбековтың туғанына 55 жыл толуына орай «Мұзда жанған алау» атты онлайн іс-шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онлайн кездесуде белгілі ақын, Желтоқсан оқиғасына қатысушы Болат Шарахымбай қонақ болды. «Желтоқсан оқиғасы туралы көп нәрсені айтуға болады. Оны біз – тәуелсіздігіміздің анасы десек болады. Себебі, бұл көтеріліс болмаса, бес жылдан кейін тәуелсіздік алар ма едік, алмас па едік, ол жағы белгісіз», - деді Б. Шарахымбай кездесу барысында.

Ақын көтеріліске қатысқанда студент болған.

«Барлық студенттер секілді алаңға барып, көтеріліске қатыстық. «Қонаевты орнынан алып тастапты» дегенді естігенде, қатты ашуландық. «Неге алып тастады, қандай хақысы бар, неге халықтан сұрамайды, неге біздің пікірімізді тыңдамайды?» деген ойлар мазалады. Енді студентпіз ғой, жалындап тұрған шағымыз. Ішіміз алай-дүлей. Алғаш алаңға барған кезде, ешқандай жаман ойымыз болған жоқ», - деді ол.

Болат Шарахымбай алаңда өзіне қамқорлық танытқан қызбен 15 жылдан кейін қайта кездескенін еске алды.

«Мен қазіргі Тәуелсіздік монументі тұрған жерде болдым. Сол жерде үстіме суық су шашып, тұрған жерімде құладым. Шапкам ұшып, қайда қалғаны белгісіз. Бір қыздың жаны ашып, қасыма келді, мойнындағы ұзын ақ шарфын шешіп, басыма орады. «Аға, үстіңіз су болды, ауырасыз, енді үйге қайтыңыз» деді. Оны тыңдаған жоқпын, алаңда қала бердім. Тағдырдың жазуына қараңыз, кейін ол қызбен 15 жыл өткен соң, қайтадан Талдықорғанда кездестім», - дейді желтоқсаншы.

Сондай-ақ, ол көшеде соққыға жығылған қызға араша түскенін де айтты.

Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков жайлы өз ойын білдіре отырып: «Мен онымен таныс болған жоқпын. Ол туралы кейін білдім. Өлең шығаратынын, жүрегі ақындыққа жақын жан екенін білдім. Қазір тірі болса 55-ке толар еді. Оған «Халық қаһарманы» атағы берілді. Бұл өте дұрыс болды. Бірақ, тек марқұмдарға ғана емес, сонымен бірге, Желтоқсан аласапыранын өз көзімен көрген бүгінгі көзі тірі батырларға да бұл атақты берсе, артық етпес деп ойлаймын. Себебі, олардың да көрген бейнеттері көп. Сонымен қатар, бүгінгі ұрпаққа көзі тірі көтерілісшілерді дәріптеп, әспеттесе, одан ұтылмаймыз дер едім. Жастарға айтарым, бірінші кезекте өз ұлтыңды, ана тіліңді сүй. Сонда біздің еліміздің мерейі артып, өсіп, өркендеп, жақсы дамитын болады», - дегенді жеткізді Болат Шарахымбай.


Соңғы жаңалықтар