Алматыда «Желтоқсан» ескерткішінің іргетасы қаланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында мегаполистің Түрксіб ауданында, «Желтоқсан» саябағында ескерткіш тас қаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға Желтоқсан бірлестігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қатысты.

Ержан Бабақұмаровтың айтуынша, «Желтоқсан» саябағы былтыр ашылды. Ал бүгін осы жерде монументтің іргетасы қаланды. Бұл Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орайластырылып отыр.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығына дайындықты біз бір жыл бұрын бастап кеттік. «Желтоқсан» саябағының орны мен атауы желтоқсан бірлестіктерінің өкілдерімен бірге анықталды. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев монументті орнату туралы тиісті шешім қабылдады. Бұл күн біздің қаламыздың тарихындағы маңызды оқиға болатынына сенімдімін», - деді қала әкімінің орынбасары.

Ержан Бабақұмаров жиналғандарды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

«Саябақтың ашылуы, болашақта ескерткіш орнату – бұл желтоқсан батырларына құрмет қана емес, олардың ерліктерін мәңгі есте сақтау, болашақ ұрпаққа жеткізу. «Желтоқсан» саябағы үлкен әрі оған келетіндер де көп болады – оны абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Бұрын бұл қараусыз қалған сквер болатын, ал енді қала тұрғындары жаңа қоғамдық кеңістікті аралай отырып, біздің халқымыздың тарихымен танысады», - деп атап өтті ол.

Қазіргі уақытта «Желтоқсан» ескерткішінің эскизін әзірлеуге конкурс жарияланды.

Сонымен қатар, «Желтоқсан» саябағында ашық аспан астындағы мұражай ашылды. Экспозицияларда Желтоқсан оқиғасының кейіпкерлері, тарихи құжаттар, сондай-ақ 1986 жылғы көтеріліске қатысушылар туралы баяндайтын фотоматериалдар ұсынылған.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің сөзінше, Желтоқсан көтерілісі Қазақстан тарихында ерлік және сонымен бірге қайғылы оқиға болып қала беремек.

«Іргетастың қалануы Алматы әкімдігінің желтоқсан оқиғасын мәңгі есте қалдыру жөніндегі жұмысының қисынды жалғасы болды. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі – кеңестік режимді құлатқан тарихи оқиға. Өкінішке қарай, тоталитарлық жүйе алаңға шыққан жас жігіттер мен қыздардың тағдырын бұзды. Желтоқсан көтерілісі Қазақстан тарихында ерлік және сонымен бірге қайғылы оқиға болып қала береді. Сондықтан бүгінгі тастың қалануы және болашақта ескерткіштің ашылуы өскелең ұрпақты тәрбиелеу үшін ерекше маңызға ие және желтоқсаншылардың ерлігіне құрмет болады, - деді Ұлықбек Есдәулет.

Рәсімге қатысушылар «Желтоқсан» саябағының аумағына тал отырғызды. Болашақта бұл аумақты көгалдандыру жоспарлада. Іс-шара соңында шақырылған Желтоқсан оқиғасына қатысқандар үшін патриоттық әндер орындаған эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт қойылды.



Соңғы жаңалықтар