Алматыда жеке тұрғын үйдің ауласынан өрт шықты

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін сағат 12. 28-де Алматы қаласының «Теректі» ықшам ауданындағы жеке тұрғын үйдің ауласында шаруашылық құрылысы өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өрт учаскесін барлау барысында 290 шаршы метр аумақта шаруашылық құрылыстың өртеніп жатқаны белгілі болды. Өрт жақын жердегі екі қабатты тұрғын үйге қарай ауысып жатқаны анықталды. Онда адамдардың бар екеніне барлау жүргізіліп, өртті сөндіру үшін оқпандар іске қосылды», - деп хабарлады қалалық ТЖД.
Оқиға орнында өрт гидранттарының қашықтығы 800 метр болғандықтан, өрт сөндіру автоцистерналармен және «Алматы тазалық» компаниясының су тасығыштарымен су жеткізілді. Жедел штаб, өрт сөндіру бойынша 3 жауынгерлік учаске құрылған, 11 бірлік техника, 40-тан астам өрт сөндіруші және өзара іс-қимыл қызметтері жұмылдырылды.
«Қабылданған шаралардың арқасында өрт сағат 13.43-те оқшауланып, сағат 14.06-да толығымен өшірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Алматы қалалық ТЖД қала тұрғындарынан өртке қарсы арақашықтықты ескере отырып, үйлерді салуды сұрайды», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар